Биылдан бастап әлеуметтік сала бағытындағы төлемдер көбейеді. Бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 12 пайызға артып, 4 триллион теңгені құрамақ. Бұл Ақ орда сайтында жарияланған Елбасының дәстүрлі жолдауынан белгілі болды. Сарапшылар мемлекет басшысының жаңа жолдауын - Қазақстанды даму сатысының кезекті белесіне бағыттайтын құжат деп бағалап жатыр. Мемлекеттік, атқарушы органдарға ғана емес, қоғамға да жаңа бағдар берілді.
Президенттің бұл жолғы жолдауы өткен жылы жасалған мәлімдеменің жалғасы іспеттес. 2017 жылдың дәл осы айының соңғы шенінде Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынған еді. Бүгінгі таңда, оның 60 толыққанды іске асқан. Тек ұзақ мерзімді «Үшінші жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» мен 2025 жылға дейін даму стратегиясы биылғы жылы жасалған жолдаумен бірге жалғасын таппақ. Ақ орда сайтында жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аясында Елбасы индустриаландыру бағытын алдыңғы шепке қойыпты.
«Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.Кәсіпорындарында жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет»,-деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Президент әлеуметтің ахуалын да ескерді. Үстіміздегі жылдың шілдесінен бастап, кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға қосымша жәрдемақы төленеді. 3 миллиард теңге 14 мыңға жуық азаматтың көңіліне медеу болады. 2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемдер көлемі үш рет көтерілген болатын. Биыл да бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі 12 пайызға артып, 4 триллион теңгені құрамақ.
«Қазірті таңда, мектепке жаңадан келіп, жаңадан істеп жатқан жас мамандардың бүгінгі ойлайтын нәрсесі осы жалақы мәселесі мен баспана. Егер, осы жалақы мәселесі шешілетін болса, мұғалімдер көптеп тартылады және білім сапасы артады деген ойдамын»,-деді Астана қ. №70 мектеп лицейінің тәрбиесі жөніндегі орынбасары, Марс САПАРҰЛЫ.
Іске асыратын тағы бір міндеттердің бірі «Адами капитал - жаңғыру негізі» деп аталады. Демек, мұнда білім беру жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар сөз етілген. Яғни, үш тілде білім алу әрі қарай дами түспек. Әрі, қазақ тіліндегі терминологиялық ерекшеліктерді халықаралық деңгейге сай ету қажет. Сонымен қатар, бұл жолдауда өзге де өзекті әлеуметтік мәселелердің шешім табуы қарастырылған -дейді ел елді аралаған халық қалаулылары.
«Адами капиталды дамыту ол ең алдымен жұмыспен қамту. Ол өзіміздің саналы білім саласын құрастыру. Ол медициналық қызметке қол жетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру болып отыр»,-деді ҚР парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары, Гүлмира ИСИМБАЕВА.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы да жалғасады. Ұлт саулығы, жұмыспен қамту мәселесі терең қарастырылған. Бірақ, Президент жұмыспен қамту жұмысының жанданбай жатқанын айтып, осы салаға жауапты министрліктің жұмысын сынады. Президент еңбек биржасы туралы заңды 1 сәуірге дейін қабылдауды тапсырды. Ол өз тарапынан еңбек кітапшаларын электрондық форматқа ауыстыруға мүмкіндік бермек. Елбасы сонымен қатар, бизнес ортаның жағдайын да тілге тиек етті.
«Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде. Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс»,-деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Жолдауда қаржы секторын қайта жаңғырту да тілге тиек етілген. Әрі, Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктермен қатар жауапкершілігі арта түспек. Себебі алдағы уақытта, осы орган бақылауды өз мойнына алады. Экономиканы дамытудың өзге де тетіктерін қарастыру көзделген.
«Енді жолдаудың негізгі мақсаты экономиканы дамыту. Ал, экономика дамығаны мен оның мемлкеттік басқару, коррупцияны азайту мәселесі де әрқашан шешілетін мәселе. Осы жолдауда бұл мәселелер өте бір алға қойылған мәселлер болды»,-деді Экономика ғылымының кандидаты, Сапарбай ДОСЖАНҰЛЫ.
Мәлімдеме де, айтылғандай алдағы уақытта 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өзіндік бюджеті болмақ. Бұл нормалар 2020 жылдан бастап күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне беріледі. Сонымен қатар, «Ақылды қалалар» жобасы да назардан тыс қалмаған. Елбасының айтуынша, қалалар бәсекесі бәсеңдемеу керек. Бұл өз кезегінде инвестор тартудың басты тетіктерінің бірі. Жайлы және ыңғайлы аймаққа кез-келген кәсіпкер қаржы құюға құштар.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан