Назарбаев Президент әкімшілігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев Әділбек Жақсыбековке Президент әкімшілігінің басшысы ретінде және басқа да мемлекеттік лауазымдарда атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, оның Қазақстан Республикасының құрылуы мен мемлекет ретінде дамуына ерекше үлес қосқанын ерекше атап өтті.
«Сіздер барлығыңыз бірнеше жылдан бері менің қасымда жүрген Әділбек Рыскелдіұлын білесіздер. Ол елорданың алғашқы әкімі болды, барлық лауазымда жауапкершілікпен және адал қызмет етті. Оған мықты денсаулық пен болашақта жетістіктер тілеймін», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кеңес мүшелеріне Президент әкімшілігінің жаңа басшысын таныстырды.
«Әсет Өрентайұлы менің көмекшім болды, министр, вице-министр лауазымын атқарды. Еліміздің басты қаласында екі жарым жыл жұмыс істей отырып, астаналықтардың оң бағасын алды. Оның ерекшелігі – белсенді позицияда болуы және креативтілігі. Қазір бізге дәл осындай адам керек. Ол елорда әкімі болғанда біз «ЭКСПО-2017» мен Астананың 20 жылдығын лайықты түрде атап өттік. Әсет Өрентайұлы бұл міндетті атқара алатынына сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы бұдан әрі халықтың экономикалық өсімі мен хал-жағдайының жақсаруындағы Президент әкімшілігінің маңызды рөл атқаратынына аса мән берді. Сондай-ақ алдағы кезеңдегі қызметінің негізгі басымдықтарын атады.
«Аппарат алдында маңызды тапсырма – бұған дейінгі қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына көмектесу және олардың орындалуын бақылау. Қазір жұмыс аймақтар деңгейіне өтіп жатқанын айрықша атағым келеді. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмысын тиісті түрде үйлестіріп, оларға көмектесу және жабылып әрекет ету керек», – деп тапсырды Назарбаев.
Сурет: Ақорда