Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов 75 жасқа толды

08.12.2016 15:12

Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов 75 жаста. Ғылым ордасына отандық ғалымдар тай тұяғы қалмай жиналды. Ұлттық ғылым академиясы төралқасының кеңейтілген отырысында ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен Қожа Ахмет Яссауидің 850 жылдығы тілге тиек етілді. Сонымен қатар, академик Мұрат Жұрыновтың мерейтойына орай шығармашылығынан хабар беретін кітаптың тұсауы кесілді. 


Мұрат Жұрынов 1985 жылдан бері мемлекеттік органдар мен мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда бірінші басшы қызметін абыроймен атқарып келді. Қызметтес болған әріптестер мен академиктер оның іскерлігі мен терең біліктілігін, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын жоғары бағалайды. Кеңейтілген отырыста Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Білім министрі Сағадиевтің құттықтау сөздері оқылды. Ал, Елбасының құттықтау сөзін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жеткізді.


"Құрметті, Мұрат Жұрынұлы! 75 жасқа толуыңыз құтты болсын! Халқымыз өзіңізді көп жылдан бері еліміздің басты ғылым орталығы болып табылатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының жұмысына жетекшілік етіп келе жатқан беделді ғалым ретінде қадірлейді. Біліміңіз бен мол тәжірибеңізді алдағы кезде де отандық ғылымымызды өркендетуге арнай бересіз деп сенемін. Өзіңізге және отбасыңызға  амандық пен игіліктер тілеймін»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау сөзінде», -деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.