Санкт-Петербург қаласындағы метрода болған жарылыстан отандасымыз қаза тапты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы метро стансасында болған жарылыстан қаза тапқандардың саны 14 адамға жетті. Оның арасында оқуға кеткен отандасымыз, алматылық Максим Арышевте бар. Жараланған жандардың саны да аз емес. Аурухана төсегіне таңылған тұрғындардың саны 50-ге жуықтайды. Ресей құзырлы органдарының әуелгі таратқан ақпараты бойынша терактіні ұйымдастырған жанкешті Қазақстандық азамат болуы мүмкін деген еді. Бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны бүгін белгілі айтылды. Ал, метро вагонын жарған адам Қырғыз азаматы болып шықты.

Қан төгілген Сенная алаңы кешеден бері қоршалған. Қауіпсіздікке қатысы бар барлық құрылымдарда осы жерде. Жаны қиылған жақындары мен жарақат алған туыстарын іздеген елде толассыз ағылып жатыр. Жарылыс болған жерге гүл шоғын қойып, қапыда қаза болып, жазықсыз жан тапсырғандарға ресей президенті де келіп тағзым етті.

11 адам жарылыс болған жерде бірден жан тапсырса, 3 адам ауруханаға жетпей, жарты жолда ауыр жарақаттан көз жұмған. Қаза тапқандардың ішінде  Алматыдан Санкт-Петербргқа оқуға аттанған отандасымыз Максим Арышевте бар.  Әу баста қырғын салған осы қазақстандық десе, кейін бұл ақпараттың жалған екені, метро вагонының күлін көкке ұшырған қырғызстандық қаскөй екені анықталды. 

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Комитеттің назарына бұл азамат бұрын түспеген. Ресейдің арнайы қызмет өкілдері де мұны терактіге қатысы бар азамат ретінде қарастырып отырған жоқ. Ол жарылыстың ортасында болып, жәбір көруі де әбден мүмкін. Қазіргі таңда екі елдің арнайы қызметтері бір-бірімен ақпарат алмасып отыр. Толыққанды мәліметті алдағы уақытта сіздерге жеткізетін боламыз»,- деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Нұрғали БІЛІСБАЕВ.

Максим Арышев Санкт-Петербург қаласындағы экономикалық университеттің студенті екенін де айтыпты анасы. Шұғыл түрде ұшып кеткен Максимнің әке-шешесі қаза болғандардың арасынан ұлдарының мәйітін таныған. Ал, Максимнен басқа әзірге өлгендердің арасында қазақстан азаматтары жоқ. Дәл қазір 49 адам ауруханада жатса, тағы 13 адам дәрігерлердің  қарауынан кейін үйлеріне қайтарылған. Ауруханада жатқан жаралыларға қала халқы кезек кезек келіп, көмегін беріп жатыр. 

«Жарылыс болған кезде, микроэлементтер төңірекке түгел шашыраған. Салдарынан жараланған адамдардың денелерінен ұсақ металдарды анықтадық. Науқастардың дені - ауыр жағдайда. Олардың ішкі құрылысы бүлінген, бас-ми жарақаттары бар»,- деді РФ Денсаулық сақтау министрі, Вероника СКВОРЦОВА. 

Жылаған жұрт, жақынын жоғалтқан ел қала ішінде жүздеп кездеседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің және барлық Қазақстандықтардың атынан Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жедел хатын жолдады. Онда қаза тапқандардың туған-туыстарына, зардап шеккендердің тез сауығып,  отбасына аман есен оралуына тілектес екендігі айтылған. Ал соңғы мәлімет бойынша  жарылғышты іске қосқан жанкештінің қырғыз азаматы екенін Қырғыз Республикасының  Ұлттық қауіпсіздік комитеті де растады.

Әмірболат Құсайынұлы,  Бауыржан Қажаханов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров