Жуырда ғана Шымкенттегі Қайтпас шағын ауданындағы мейрамханалардың бірінде құдалыққа барған 11 адамның уланып, ауруханаға жеткізілгені жайлы хабарланған болатын. Олардың дені «балық жедік, қымыз іштік, бірақ неден екенін білмей отырмыз» деген еді.
Зертханалық тексерулердің нәтижесінде, құдалыққа барған 11 адам қымыздан уланған болып шықты, деп хабарлайды otyrar.kz.
Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер зертханалық зерттеу қорытындысына сүйене отырып, өткір ішек жұқпасының өзегі қымыздан деп отыр.
«Қымыздан ішек таяқшалар тобының бактериялары анықталып отыр. Төлеби ауданының азаматы 40 литр қымыз алып келген. Ал қымызды дұрыстап жуылмаған, лас полиэтиленді ыдыстарға құйған. Соның салдарынан адамдар уланып қалған», – деді Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл АХМЕТОВ.
Бірден 11 адам уланып ауруханаға түскеннен кейін, мамандар мейрамхананы толық тексеруден өткізген болатын. Зертханалық тексеру нәтижесінде, мейрамханада санитарлық талаптарды өрескел бұзу жағдайлары орын алғандығы анықталды. Ең қауіптісі, ет өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған. Кәсіпкерге бар болғаны 20 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынды.