«Арми-2018» ойындары: еліміздің бомбалаушы ұшақтары алдағы аптада шетелге аттанады

«Арми-2018» ойындары: еліміздің бомбалаушы ұшақтары алдағы аптада шетелге аттанады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің тоғыз әуе соғыс техникасы алдағы аптада шетел асады. Брондалған алты тікұшақ және  үш жойғыш ұшағы жарты ай бойы көрші елдің көгінен ракеталар мен снарядтарды атқыламақ. Экипаж мүшелері жауапты сапарға қаншалықты дайын екендіктерін көрсетті. Қазақстандық ұшқыш-мергендер әлемнің 20-дан астам елінің бомбалаушы техникалары келетін «Арми-2018» ойындарына қатысады. 

Толықтай брондалған Ми-35 тікұшағы – соңғы үлгідегі әскери соғыс көлігінің бірі. Көздегенін  құр жібермейтін тікұшақ екі жылдан бері Григорийдің сенімді серігіне айналған. Әдеттегі тікұшақтардан жылдам ұшып қана қоймай, оған ракета мен снарядтар саны да көп сыяды. Барлаушы ғана емес, әуе көлігіне онатылған камера да 360 градусқа бұрылып, тығылған жауды тез-ақ таба алады.

«Әрбір экипажға басқарылмайтын 4 ракета мен 10 снаряд беріледі. Оқтарды нысанға берілген уақыт ішінде дәл тигізуіміз қажет. Атыстан бұрын ұшқыштардың суда жүзу, белтемірде тартылу сынды физикалық дайындықтарыда тексеріледі. Командамыз 100 пайыз дайын. Әскери рухпен аттанбақпыз», – дейді 53975 әскери бөлімінің авиация эскадрилья командирі Григорий КОНДРАТЮК.

Армия ойындарының авиадартс саласы бойынша жарыс алдағы екі аптадан соң Ресейдің Рязань облысында басталады. Он күнге жалғасатын бәсекеге қазақ елінен алты тікұшақ пен үш жойғыш, бомбалаушы ұшағы аттанбақ. 

«УПК-23. Бұған 253 патрон кетеді. Ал МИ-35-ке осындай 23 мм снарядтан 450 патрон кетеді. БТР, БМП, сол сияқты басқада техникаларды жоюға арналған снарядтар», – деп атап өтті 55652 әскери бөлімі авиациялық қару жарақ тобының аға технигі Ақжан ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ. 

Ұшқыштар уақыт өлшемімен МИ-35 және  МИ-171 тікұшақтары, Су-30 жойғыш ұшағы арқылы жасырылған нысанды табу, әуеде синхронды жаттығулар жасау және қас қағым сәтте көз ұшындағы нысананы ату сияқты үш үлкен тапсырманы орындауы тиіс. 

«Зымыранның нысанаға барып, тиіп жарылған кезі саналады. Дайындықтарымыз жақсы. Жоғары деңгейде. Қазір соңғы дайындық болып жатыр», – деді 53975 әскери бөлімі авиация эскадрилья командирі Ерлан ОМАРОВ.

Қазақ елінің әскери мәртебесін айқындап, шекараны қорғаудағы қабілеттерін көрсететін халықаралық жарысқа аттанатын сарбаздар сақадай сай, дейді әскери басшылар. Ресейде өтетін биылғы армия ойындарына әлемнің жиырмадан астам елінен өтініш түскен. «Танк биатлоны», «Далалық ас үй», «Мерген шебі» сынды 17 түрлі сайыстың жетеуіне қазақ қырандары да қатысатын болады. 

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров