Алматыда алғашқы халықаралық жазушылар форумы өз жұмысын бастады. Әлемнің 16 елінен келген қаламгерлер заманауи әдебиеттің қордаланған мәселелерін талқылауға жиналған. Нобель сыйлығының номинанттары, танымал жазушылар, философтар мен бестселлер кітаптардың авторлары қалада үш күн болады.
Әлемдік әдебиетте ойып тұрып өз орнын тапқан танымал жазушылар мен ақындар Алматыда бас қосты. Олар ХХІ ғасырдағы әдебиеттің мән-маңызы мен рөлін талқылайды. Жаһандану заманында оқырмандардың назарын смартфондар мен гаджеттер өзіне қаратып, кітап оқып отырған адамды көру мұңға айналды дейді олар.
«Оқырмандар деңгейі төмендеп барады. Кітап оқып отырған адамды көру мұң болды. Дегенмен, бұған ғаламторды кінәләй берудің қажеті шамалы. Қазір блог оқу кітап оқығанмен бірдей. Мысалы, менің елім – Польшада кітап оқу көрсеткіші өте нашар. 2017-ші жылы 18-25 жас аралығындағы азаматтар, яғни халықтың 35 пайызы өмірінде мүлдем кітап оқып көрмеген. Бұған қарсы шара қолдану қажет. Ал сіздерде кітап оқу деңгейі жоғары деп айта аламын», – деді жазушы (Германия) Януш Леон ВИШНЕВСКИЙ.
Заманауи шығармалардағы қозғалатын тақырыптар оқырмандарға қызық емес. Бұл да бір проблема дейді қаламгерлер. Жеке адамның табысы мен қаржылық сауаттылық туралы шығармалар роман, повестерді шаң қаптырып кетті дейді Нобель сыйлығының номинанты Атанас Ванчев Дьо Траси. Бірақ француздық ақын қазақ әдебиетінің шетелде сұранысқа ие екенін алға тартты. Тек отандық авторлардың шығармалары сапалы аударылса дейді.
«Қазақстандық туындылар біздің оқырмандар үшін экзотика іспеттес. Байтақ дала, таулар, осылардың бәрі француздарды өзіне тартады. Қазір осындай шығармалар арқылы Қазақстанды тани бастады. Бұл мақсатта Қазақстанның Париждегі елшілігі үлкен жұмыс атқарып жатыр. Әбдіжәміл Нұрпейісовпен таныстырған да осы елшілік болатын. Бірақ мен үшін бұл автордың 600 беттік шығармасын аудару өте қиынға түсті», – деді ақын (франция) Атанас Ванчев Дьо ТРАСИ.
Ал жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев оқырманның қызығушылығын арттыру үшін кітаптың тиражын көбейту керек дегенді алға тартады. Сонымен қатар, туындылардың бағасы да қалтаға ауыр тимейтіндей болуы шарт дейді жазушы. Өзге мемлекеттерде кітап бизнесі өте жоғары бағаланатын көрінеді.
«Ең негізгі мәселе – кешегі Кеңес Одағының тұсында 50 мың, 100 мыңға дейін таралған кітаптарымыз қазір 2 мыңнан 5 мыңға әрең жететін болды. Дегенмен, кітапты тарату мәселесі, сатып алу мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Кітапты шығару: кітапты сатып алу, оны шығару және тарату деген 3 бөліктен тұрады. Бізде соңғы кезде жаңа шығармаларды Мәдениет министрлігі сатып алатын болды. Шығаруды да қолға алды. Енді тарату мәселесі жүзеге аспай жатыр. Тарату деген бұл кітапты саудаға шығару. Дүниежүзінің бәрінде кітап – бизнестің ең жақсы дамыған түрініңі бірі», – деді жазушы-драматург Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ.
Бұл әдебиет саласындағы мәселелердің жартысы ғана. Ал өзге әңгіме үш күн бойы форумда талқыланады. Айта кетейік, Халықаралық жазушылар форумы қала күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы