|
30.07.2018 | 18:02
3018

Тауда жоғалған жеткіншек суықтан көз жұмған

Тауда жоғалған жеткіншек суықтан көз жұмған

Тауда адасып кеткен 7 жасар жеткіншек сол түні-ақ үсіктен көз жұмған. Медициналық сараптама жүргізген мамандар осындай ұйғарымға келіп отыр.

Бұл ақпаратты Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі  де растады. Өткен аптада іздеу тобы тау шатқалынан баланың кроссовки аяқ киімін тауып алған еді. Ернұр Сәдуақастың ата-анасы аяқ киімді бірден таныған. Баланың мәйіті бір аптадан кейін ғана, сол аяқ киім жатқан аумақтан табылып отыр.

Марқұмның жақындарының айтуынша, итмұрынның қалың бұталарының арасы сол мезетте құтқарушылардың көзінен тасада қалса керек. Ал шұғыл-іздестіру шарасына қатысқан қырық шақты тәртіп сақшысы мен төтеншеліктер, әскери қызметкерлер күндіз-түні дамылсыз іздегенімен, бүлдіршінді таба алмаған. Тіпті, кинологтар мен тікұшақтың көмегі де еш нәтиже бермеген. Бұған дейін төтеншеліктер ауа райының қолайсыздығы мен қалың бұталардың биіктігі баланы табуға кедергі келтіріп жатқанын айтқан еді. 

«Медициналық сараптаманың ресми қорытындысына сәйкес Ернұр Сәдуақас жоғалған күні түнде қайтыс болған. Таулы аймақ болғандықтан жаңбыр жауып, күн  салқындаған. Болжам бойынша, баланы шілденің он төртінен он бесіне қараған түні үсік шалған. Құтқарушылар мәйіт жатқан аумақты бір емес бірнеше рет тінтіген. Алайда, адам бойымен бірдей итмұрынның қалың бұталары арасына кіру мүмкін болмаған. Ернұр Сәдуақастың денесі Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылынан 8 шақырым қашықтағы тау баурайынан табылды», – деді Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей НЕЗНАЕВ.

Еске сала кетейік, 7 жасар Ернұр Сәдуақас 14-ші шілдеде жоғалып кеткен болатын. Дәл сол күні ойын балалары Алматы облысы Ынтымақ ауылының маңайындағы жайлауға шыққан. Алайда, араққа сылқия тойып алған бейтаныс азамат балалардың киіз үйде түстеніп отырған жеріне қолына пышақ ұстап кіріп, қорқытқан көрінеді. Қатты үрейленген жеті жастағы бала зәре-құты қашып, беті ауған жаққа жүгіре жөнелген. Балақайды ата-анасы Алматыдан ауылға жазғы демалысын өткізуге жіберген екен.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир