Медеу ауданында ауыстырылып жатқан кәріз жүйесі тұрғындарға қолайсыздық тудыруда

12.05.2017 15:46

Ауыз судан қаққан кәріз жүйесі. Алматы қаласы Медеу ауданында ауыстырылып жатқан кәріз жүйесі жүріп-тұруымызға кедергі келтірді деп отыр тұрғындар. Мердігер компания жұмысына көңілдері толмаған жұрт арнамыздың уатсап нөміріне хабарласты.

Алматының орталығында 10 жылдан бері тұрып келе жатқан Ермек Кужумов құдды бір жартас шетінде тұратындай күй кешіп жүрмін дейді. Ол аздай, баспанасына жету нағыз мұңға айналған.

«Үйдің ауласында жүруге үрейленетін болдым. Мына жердегі шұңқырға түсіп кетемін ба деп қорқамын. Алғашында қазған кезде қоршаудан 1 метр қашықта болатын. Кейіннен күннен күнге ұлғайып, қазіргі күйге жетті», - деді қала тұрғыны Ермек КУЖУМОВ.

Мердігер компания бұл шұңқырды ескірген кәріз жүйесін алмастыру үшін қазған. Көше тар болғандықтан, тұрғындарға келеңсіздіктер амалсыз туындап отыр дейді. Жөндеу жұмысы барысында зақымданған құбырларды қалпына келтіруге уәде беруде.

«Өте тар көше. Содан кейін әр түрлі құбырлар бір-біріне жақын салынған. Техникалық жағдайлары сақталмай салынған. Қазір қазуы қиын болып жатыр. Тереңдігі 4 метрден астам. Осындай жағдайлар мерзімін созып жатыр», - деді  мердігер компания өкілі Сатан НҮСІПҚОЖАЕВ.

Полтавская көшесінде көлік түгілі, адамдардың жүруінің өзі қиындап кеткен. Қаланың дәл орталығында тура бір жардың бойында жүргендей сезімде боласың.  

Терең шұңқырға бала-шаға түсіп кетеді ма қауіптенеді. Себебі бұған дейін бүлдіршіндер түгілі ересектер де құлаған екен. Бірақ қауіпсіздік шараларын жұмысшылар түнде ғана жасайтын көрінеді.  

«Екі адамды шығардым. Балалар бар. Олар бір адамды шығарды. Үлкен кісі жасы елуге келіп қалған. Өйткені келіншегімді суға жібергенмін дүкенге. Сөйтсем жүгіріп келді балалар құтқарып жатыр деп. Шықсам шығарып қойыпты. Жеңіл желпі жарақат алды. 5 метрден адамды шығару оңай емес», - деді қала тұрғыны Рауан ШАҒАЛИЕВ.

Тұрғындар көшеден бөлек, қоқыс тастайтын алаңға да жете алмай қалыпты. Балалар ойнайтын алаңды да бұзып жермен-жексен еткен. Ал мердігер мекеме бұл көшедегі шаруаны 1 аптада тындырып бітеміз дейді. Оны аудандық әкімшілік өз бақылауына алған.

«Мердігер компанияның құрылысты жүргізуге рұқсаты қағаздары бар. Жөндеу жұмысы жобаға сай жүргізілуде. Бұл жұмыс тұрғындар үшін жасалып жатыр. Ол аяқталған соң, кәріз жүйесіне мұндағы жұрт та техникалық ережені алып қосыла алады», - деді  Медеу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек ТІЛЕКЕНОВ.

«Қойылып жатқан труба стекловолокнистый деген материалдан жасалады. Диаметрі қазір 500. Бұрын бұл жерде бар-жоғы 150-200 трубалар жатқан. Қазір мына жерде шығып жатқан суды ағызып әкетуге жағдайы келмейді. Қамтамасыз етуге күші жетпейді. Сондықтан үлкен труба қойылып жатыр. Оның барлығы халық үшін қаланың адамдар үшін жасалып жатыр», - деді мердігер компания өкілі Сатан НҮСІПҚОЖАЕВ.

Биыл ауданда 2 шақырым кәріз жүйесі жөндеуден өтеді. Қазір жұмыстың жартысы аяқталған. Барлығы шілде айында толық бітеді дейді мердігерлер.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы