Рауан Кенжеханұлы «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды

Рауан Кенжеханұлы «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Рауан Кенжеханұлы «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Рауан көпшілікке белгілі журналист, қоғам қайраткері, көптеген жобалардың авторы ретінде жақсы танымал. Оның бастамасымен жүзеге асырылған жобалар қазақстандықтардың зияткерлік әлеуетін арттырып, отандық білім саласының жаңа үрдістерге сай дамуына жол ашты. Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы әйгілі Википедияны қазақша сөйлетіп, ана тіліміздің аясын кеңейтуге үлкен үлес қосты. Қазақ тілінің Google аударма жүйесіне енгізілуіне де сіңірген еңбегі зор», – деп жазды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен қатар ол Рауан Кенжеханұлының мемлекеттік қызметте де өзін жақсы қырынан көрсетіп, мол тәжірибе жинағанын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруда  ерен еңбек еткенін баса айтқан.

«Ол басқаратын «Ұлттық аударма бюросы» сәуір айында жобаның алғашқы жемісі ретінде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқытылатын 18 оқулықты қазақ тіліне аударғанын жақсы білеміз. Алдағы уақытта да Рауан рухани жаңғыру аясындағы жұмыстарды жалғастырып, оның басшылығымен аударма бюросы мұндай оқулықтардың қатарын толықтыра түседі деген ойдамыз және соған тілектеспіз. Сонымен қатар Рауан Кенжеханұлы басқа да тың жобаларды партия қатарында жүріп жүзеге асырады деп сенеміз. Ол үшін партия жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сондықтан Рауанға алдағы қызметіне тек табыс пен сәттілік тілейміз!», – деп атап өтті ол.


Новости партнеров