Алматыда зиратты өзен суы шайып кетті

Алматыда зиратты өзен суы шайып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Қарғалы өзені арнасынан асып, жағаға жақын орналасқан зираттарды су басып қалды. Салдарынан көлкіген судан он шақты мазардың топырағы опырылып түскен. Тұрғындар бұл апатқа коммуналшыларды кінәлады. Десе де, құтқару қызметінің айтуынша, өзеннің тасуына жауын мен сірескен мұздың лезде еруі себеп болған.

Қарғалы өзенінде қыстай тоң боп қатқан мұз қауіп төндіреді деп күтпесе керек, құтқарушылар оны оюға асықпапты. Бірақ күні кеше сірескен мұз демде еріп, ағын су осылай төмен қарай қатты жылдамдықпен аға жөнелген. Алайда, кесек мұздар өзен арнасына сыймай жан-жағын жайпап үлгеріпті. Тасқыннан, әсіресе, «Достық» ықшамауданындағы зираттар зардап шекті. Мұндағы бейіттердің біразы көлкіген су астында қалып, 10 шақтысы айтарлықтай бүлініп қалған.

Су тасқыны болған зираттың қазіргі кейпі мынадай. Өзен арнасына сыймай, қатты ағыспен келіп, қабірлерді бүлдірген кесек мұзды құтқарушылар мына жерге таудай етіп үйіп кеткен. Алайда, тазартуға асығар емес. Салдарынан бұл жерде аяқ алып жүру мүмкін болмай тұр.

Десе де, жақындары жерленген қабірлерді су шалғанын естіген қала тұрғындары бірінен соң бірі зират басына ағылып жатыр. Соның бірі Әділжан Ақбаров. Әйелінің мәйіті жатқан бейітті тасқын опырып тастағанын көргенде төбесінен жәй түскендей болған.

«Түнде баламмен келіп қарасақ, су басып кетіпті, мынаның іші мұз жүре алмайтын. Сол үшін бүгін орнымнан тұрып, шайымды ішіп келіп, тазалап жатырмын, міне. Енді мен ойлаймын, осы коммуналшылар алыс жаққа апарып төккенге ерініп, осы өзенге тастап жатырма деп. Білмеймін, менің ойым. Қазір бақылау жоқ болып кетті ғой», - деді Әділжан АҚБАРОВ.

Бейіт маңындағы көпір астына жиналған кесек мұздар әлі де су ағысына бөгет болып тұр. Мұны көрген тұрғындар қолдарына күрек алып, сірескен мұзды өздері оюға кірісіп кетті. Десе де, жергілікті билік өкілдері апат салдарын жою үшін түнімен тер төккенін жеткізді.

«Бүгінгі күні Қарғалы өзенінен 70 текше метрден астам мұз шығардық. 15 бірлік техника мен 150-ден астам адам жұмылдырылды. Ал бұл жерде тазалық жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Жалпы, өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша су деңгейі тұрақты, қажетті шаралар қабылданды», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

«Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» деп сендірген әкімдік өкілдері өзеннің қайта тасымайтынын айтады. Ал зират маңындағы үйілген кесек мұзды жақын күндері сыртқа шығарып, айналаны тазартып беруге уәде етті. Бірақ жергілікті тұрғындардың бұған сенгісі жоқ. Олар табиғат шәлкес мінез танытса, асау өзен тағы да арнасынан асып, қабірлерді жермен жексен ете ме деп қауіптенеді.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров