Шымкент зообағында тағы да шу шықты

Шымкент зообағында тағы да шу шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент зообағында тағы да шу шықты. Бұл жолы бақтың бұрынғы басшылығы жануарлардың жаппай қырылып жатқанын айтады. Онда небәрі 3 жылда 125 аңның өлгені анықталыпты. Арызданушылар мәселенің бұлайша ушығуына қазіргі жетекшілері кінәлі, дейді. Олар жануарларды уақытылы тамақтандырмай, күтіміне немкетті қарайды екен. Одан бөлек, хайуанаттар бағында бұрын дүкен ашып, сауда жасаған кәсіпкерлерді жаңа басшылық аумақтан қуып шығарыпты. Далада қалған сатушылар енді күндерін қалай көретіндерін білмей жүр.

Саудасынан қағылып, сансырап қалған сатушылардың салы суға кеткен қазір. Табысты осы орыннан тауып келген кәсіпкерлер хайуанаттар бағына жаңа басшылық келгелі «көрер күніміз қараң болды» дейді. Әуелі, дүкендерін бұзып, жаңасына ауыстыруды талап етіпті. Кейін жалға беру құнын да көтеріп жіберген. Ашынған кәсіпкерлер жаңа директор мұның барлығын жайлы жерге  жақындарын жайғастыру үшін әдейі істеп жатыр, дейді.

«Істегеніңізге 10 жыл болып қалыпты. Осы уақытқа дейін барлық жағдайыңызды жасап алған шығарсыз.  Менің де сіз сияқты туған-туысқаным бар» деді. Сонда қарапайым халықтың жағдайын кім ойлайды?», - деді Гүлжан АБДУЛЛАЕВА.

Жаңа басшылық зообақ аумағынан 13 кәсіпкерді аластатқан екен. Дүкендері талапқа сай келмейді деп, аумақтан қуып шығыпты. Бірақ сатушылар директордың айтқанын орындап, сауда орындарын жаңарту үшін, тіпті, несие алғандарын айтады.    

«Балмұздақ сатамын, одан кейін балалар ішетін сусындар сатамын. Арендасын уақытылы төлеп тұрамын. Міне, қолымда барлығы бар, потентім де», - деді  Гүлстан ЖАРАСБАЕВА.

Қатулы басшылық кәсіпкерлердің берекесін кетіріп қана қоймай, жануарларды да жаппай қырып жатыр. Осылай деп, дабыл қаққан бақтың бұрынғы басшылығы мұнда небәрі 3 жылда 125 аңның өлгенін айтады. Көбі «Қызыл кітапқа» енгендер екен. 

«Жан-жануарлар өлді. Мамандардың жауапкершіліксіздігінен, ондағы қызметкерлердің өз ісін білмеуінен, білімдерінің таяздығынан»,- деді «Шымкент зообағы» МҚК бұрынғы директоры Сейдулла ЖҰБАЕВ.

Хайуанаттар бағының қазіргі басшылығы мұның барлығын жоққа шығармады. Олар сауда орындарын талапқа сай қылу үшін жаңарту туралы шешім қабылдадық, дейді. Сәйкесінше, жалға беру құны да 16 мың теңгеден, 150 мың теңгеге дейін қымбаттаған.   

«Мен келген кезде базар сияқты еді. Буткасы да жоқ, кленкамен отыратын. Істейтініңдер істеңдер, істемейтініңдер кетіңдер дедім. Бағаны қымбаттаттық, иә. Қаншаға екенін білмеймін, шаршы метріне байланысты», - деді «Шымкент зообағы» МҚК басшысы Нұрғазы БҰҚАРБАЕВ.

Жаңа басшы «жануарлардың өліп жатқаны - табиғи құбылыс» деп міз бақпады. «Аңдардың күтіміне дұрыс қараймыз» деген ол, бұлайша шу шығарғандардың ісі – «байдың асын байғұс қызғанады» дегенге саяды, деді.

«2015 жылы - 55, 2016 жылы - 45, 2017 жылы - 25 аң өлді. Тіпті, бір пайызға жетпейді», - деді «Шымкент зообағы» МҚК басшысы Нұрғазы БҰҚАРБАЕВ.

Ашынған сатушылар зообақ директорымен сол күй жолыға алмады. Далада қалған олар енді кәсібінен айырған басшыны сотқа бермек.  

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы Шымкент



Новости партнеров