Алматылықтар тіккен құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енді

Алматылықтар тіккен құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді әлемдегі ең ұзын құрақ көрпенің отаны – Алматы. Осылайша, қазақстандық тігіншілер 2 жыл бұрын Малайзияда тіркелген рекордты жаңартты.

Наурыз айынан бері 300-ден астам шебер тіккен көрпе Қала күнінде тапсырылды. Рекордты Гиннесс кітабына тіркейтін ресми өкіл жаңа нәтиже туралы сертификатты Алматы әкімі Бауыржан Байбекке салтанатты түрде табыстады. Ал мың бояуға малынған жер жаһандағы ең ұзын құрақ көрпе Тұңғыш Президент саябағына жайылып, алматылықтар мен қала қонақтарын тәнтті етті.  

Алматының 1002 жылдық туған күніне ерекше сыйлық тарту етілді. Мейрамды кең көлемде тойламастан бұрын, алдымен Англиядан арнайы келген Джоанн Брент  қала әкіміне сертификат табыстады. Онда алматылық ісмерлердің шынымен де рекордқа кіргені тайға таңба басқандай жазылған. Гиннесс рекордтар кітабының өкілдері өздерімен бірге геодезияшы мамандарды ерте келіпті. Олар тігіліп біткен, сан түрлі әрі сәнді көрпенің нақты ұзындығын лазерлік құрылғымен өлшепті.

Алматылық ісмерлер құрақ көрпемен Гиннестің рекордтар кітабына енді. Әлемдегі ең ұзын көрпе 10 километр 900 метр болып тіркелді. Есте болса, ұлттық дәстүрді паш ететін туындыны шеберлер Наурыз қарсаңында тігіп бастаған. Оған қаладағы 25 кітапхана мен тұрғындар ат салысты.

«Сіздерді әлемдегі ең ұзын құрақ көрпе тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына кірулеріңізбен құттықтаймын. Қазақстандық құрақ көрпені көру үшін арнайы келдік. Бұл шынымен де ерекше туынды екен. Бояуы қанық, пішімі де көз тартады. Дәл осындай туындыны алғаш рет көруім», – деді «Гиннесс рекордтар кітабы» Бас кеңсесінің өкілі Джоанн БРЕНТ.

Ал саябақты бойлай жайылған құрақ көрпені көрген алматылықтар таңданыстарын жасыра алмады. Айта кетейік, құрақ көрпе тігуді қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі бастаған. Идеяны Алматы әкімдігі мен қала тұрғындары да қолдады. Мата қабылдайтын штаб құрылып, онда кез келгені келіп көмектесуге мүмкіндік алған болатын.


Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров