Алматы көшелерін жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталады

Алматы көшелерін жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала көшелерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер биыл тегістелуі тиіс 155 шақырым көшенің 120 шақырымын жаңартып қойды. Аумақтарда көше жиектері ауыстырылып, жаяу жүргіншілер жолы да жөнделді. Алматы жолдарындағы ауқымды құрылыс тамыздың 25-іне дейін толық аяқталады.

Алматы көшелерін тақтайдай тегістеп, кем-кетігін дер кезінде жөндеуге жыл сайын ерекше мән беріледі. Биыл да қазынадан қарастырылған 9 млрд теңге қаржыға жалпысы 155 шақырымды құрайтын 157 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілуі тиіс болатын. Қазір қала көшелерінде жұмыс қайнап жатыр. Өйткені, мердігерлер оқу маусымы басталғанша жолдарды тегіс тапсыруға тиіс.

Жұмысшылар қазірдің өзінде 120 шақырымның құрылысын аяқтапты. Олардың дені магистралдық көшелер. Биыл мәселен, көлік қозғалысы көп Гагарин даңғылының әл-Фараби даңғылынан Тимирязев көшесіне дейінгі аралығында асфальт жамылғысы мен бордюрлері түгелдей ауыстырылған.

«Бұл көшенің жолы әбден тозып кеткен еді. Оның үстіне, биыл бұл жолдағы инженерлік желілер ауыстырылған соң, жолды да жөндеуді ұйғардық. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолын да жаңарттық. Гагарин даңғылы мен Есқараев көшесі қиылысында Халыққа қызмет көрсету орталығына қарай жүретін жол бар. Оның көліктер жүретін жолын тарылтып, керісінше, тротуарын кеңейттік», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.

Биыл тақтайдай тегістелген аумақтың бірі – Садықов көшесінің әл-Фараби даңғылынынан Асқаров көшесіне дейінгі аралығы. Мұнда да шұрқ тесілген жолды кездестіру енді екіталай. Жиектегі бордюрлер мен арық жүйесі де жаңартылған. Жалпы, биыл Бостандық ауданында 35 көше орташа жөндеу көрсе, шеткі аумақ та назардан тыс қалмайды. Қаланың кенжесі – Наурызбай ауданында 41 көшені тегістеу көзделген. Құрылысқа қауырт кіріскен мердігерлер аудандағы 32 көшені жөндеп үлгерген.

«2015 жылы Наурызбай ауданындағы Қалқаман ықшамауданында инженерлік желілер жүргізілген болатын. Сол Қалқаман ықшамауданында қазіргі кезде біз 33 көшеде жаңа жолдар салдық. Қазір қолданысқа берілді. Жандосов көшесін Сайын көшесінен Қарғалы өзеніне дейін күрделі жөндеуден өткіздік. Енді осы Қарғалы өзенінен батысқа қарай Алматинская көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл аймақта инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілуде», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Орталықтан қалдырмай, орташа жөндеу жүргізілгеніне әсіресе, бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келген жергілікті тұрғындар дән риза. Олар ойқы-шойқы жолдардың кесірінен күз-көктемде батпақтан аяқ алып жүре алмаған кездердің көп болғанын айтады.

«Лай су үйге кіріп кететін еді. Тіпті кейбіреулер аяғына пакет орап жүретін. Қазір мынаны қараңыз, Құдайға шүкір. Төртінші жыл болғанда осындай жол салып берді», – дейді тұрғын Перизат ҚАСЕНОВА.

«Бұған дейін көршілерімізбен қосылып, талай рет осы жолды жөндеуге тырыстық. Құм мен қиыршық тас төседік. Бірақ жаңбыр жауған сайын еңбегіміз еш кететін. Енді міне, жолымызды тегістеп, жөндеп берді. Әрине, қуаныштымыз!», – дейді тағы бір тұрғын Зайраш БОСКИНА.

Бүгінде ретке келтіріліп, тегістелген жолдар ерекше жинақылықпен қалаға көрік беріп тұрғаны сөзсіз. Айта кетсек, тас жолдарды жаңартқан мердігер компаниялар өз жұмыстарына 3 жыл кепілдік береді. Яғни, көше бүлініп, кем-кетігі шықса, олар өз қаржысы есебінен қайта жөндеу жүргізуі тиіс. Дегенмен, жауапты басқарма өкілдері тұрғындарды қала көшелерін күтіп ұстауға шақырып отыр.

Мұндай қарқынды жұмыстар келер жылы да өз жалғасын табады. Бірақ, 2019 жылы қалада нақты қандай көшелер жөнделетіні қазірше белгісіз. Жауапты басқарма аудан әкімдіктері мен тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, келер жылы кезек күттірмей жөнделуі тиіс аумақтардың тізімін осы күзден бастап бекітуге кіріседі.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров