"Қалқаман-2" ықшам ауданында жол жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Тұрғындардың айтуынша, жауаптылар ондағы жолды жылда қазып, жұмысты толық аяқтамай кетеді. Салдарынан ойық-шұңқырдан жүре алмай әлек. Тілшіміз Назкен Байтілес базынасы бар бұқарамен жолығып, жауаптылардан мән-жайды сұрап келді.
Наурызбай ауданындағы Әбішев көшесіне бұрын мүлдем асфальт төселмеген екен. Алайда биыл ауданның жоспарына еніп, халық бөріктерін аспанға атқан. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармаған сыңайлы. Себебі, жол жөндейтін құрылысшылар бастаған ісін соңына жеткізбепті. Көшенің көркі кетіп, астаң-кестең күйде тұрғанына бір айдай болып қалған.
«Март айынан бері келіп мына көшелеріңді асфальттеп береміз деді. Қазып-қазып кетті, шұғанақ, ойқыр жүре алмаймыз. Мына басқа жақтың бәрін көшесін асфальттеп, осы көшеге келгенде қалды. Бұрын жолымыз теп-тегіс еді. Міне эксковаторларымен келді, қазатын техникаларымен»,- деді Қала тұрғыны, Тамара СӘЛИЕВА.
«Ана жерден өтіп көріңіздер, аузыңызды жауып былай өте алмасаңыз, өте алмайсыз. Ашып қойып кетті люктардың бәрін. Паддонды қойып төбесіне, крышкасын ашып қойып кетті. Оны неге істеді олай білмейміз. Иісі сасық, жата алмаймыз үйде түнде, терезені аша алмаймыз мына ыстықта»,- деді Қала тұрғыны, Аманжан ИМИНОВ.
Тұрғындардың айтуынша, бұл көшедегі жөндеу жұмыстары сонау көктемде, наурыз айында басталған көрінеді. Жұрт көшедегі ойын балалары абайсызда ашық жатқан шұңқырларға түсіп кете ме деп үрейленеді.
«Балаларға өте қауіпті. Қауіпті дегеніміз ана жерде канализация жатыр. Бүкіл больницаның канализациясы осы жақпен келеді. Келген кезде өңкей кішкентай 5-6 жасар балалар тұрады. Құлап, мысалы су екен деп қасында ойнайтыны бар, обал ғой қазір неше түрлі ауру жағдай болып жатыр. Сол кезде кім жауап бере алады»,- деді Қала тұрғыны, Айгүл БАЙДАЛИНА.
Ал жауапты мамандар тозған құбырларды сынау үшін, құрылысты уақытша шегерген. Яғни, су және кәріз құбырларын сынақтан өткізіп болғаннан кейін ғана көшеге асфальт төсейміз дейді. Ол жұмыс 20 тамызда толық аяқталады деп сендірді атқамінерлер.
«33 көшеде асфальт жабындысын салу, арық жүйесін орнату және көшені жарықтандыру жұмыстары іске асырылуда. 3 көшесі аяқталған, қазіргі таңда 8 көшеде жұмыс жүріп жатыр. Ал Әбішев көшесіне келсек, дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 тамызға дейін аяқталатын болады, яғни асфальт жабындысын төсеу жұмыстары»,- деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы, Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.
2014 жылдан бері "Қалқаман" ықшам ауданында 70-тей көшеде, 200 шақырымнан аса су және кәріз құбыры жүргізіліпті. Ал биыл бұрын мүлде асфальт болмаған, ұзындығы 17 шақырым болатын көшелердің құрылысы басталған екен. Тас жолдан бөлек, жыл соңына дейін бұл мекен арық және көшені жарықтандыру жүйесімен қамтылатын көрінеді.
Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы