Еліміздің журналистер қауымы кәсіби мерекесі қарсаңында түрлі марапатқа кенелуде. Әріптесіміз Әмірболат Құсайынұлы қалалық тіл басқармасы ұйымдастырған байқаудан «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломына ие болды. Ақпарат әлемінде он жылға жуықтаған тәжірибесі бар тілшінің қабілетін әріптестері жоғары бағалайды.
Тақырыпты тарқата түсу үшін журналистер таң атқаннан ақпарат жорығына осылайша бекіне аттанады. Тау асып, бау араласаң да тілші алдында сынаптай сырғыған уақыт ішінде ақпарат талабын орындау міндеті тұрады. Тілшіліктің тіршілігіне біреулер сіңіп кетсе, енді бірі өзге сала іздеп кетеді. Ал Әмірболат Құсайынұлы - бұл салаға түбімен төселіп, кез келген бағытты ұршықша иіретін журналист.
«Әмірболатпен шыққан кезде ойың болмайды да, бір түсірілім болмай қалады немесе бір адамдар келіспей қалады деп. Себебі Әмірболат кәсіби маман ғой. Қырғызтандағы әуе апатын түсіргенбіз. сол кезде өте суық, қиын болды. Мен баратын жерлерге күмәндандым негізі. Баруға бола ма, біреу ұрысатын шығар деп, сол кезде Әмірболат қорықпай, сені апарам, түсіреміз деді. Ең басты қабілеті - ол өз-өзіне сенімді, алдында қойған мақсаттары болса, соны міндетті түрде орындап, керекті сұхбаттардың бәрін жазып, міндетті түрде каналға дайын материалмен келуге әрдайым дайын», - деді әріптесі Ильзат АКЧУРИН.
Әмірболат Құсайынұлы - журналистік жолын еліміздің белді радиоларында қызмет етуден бастайды. Еліміздің бірқатар телеарналарында еңбек ете жүріп, ақпарат майданында қыж-қыж қайнап, қазір қаламы қарымды журналистке айналған. Бүгінде ол «Алматы» телеарнасының жаңалықтар қызметіндегі от ауызды, орақ тілді репортерлерінің бірі.
«Қателеспесем 2007-2008 жылдар Хабар телеарнасына келіп, жаңалықтарда тілші болып қызмет жасаған. Тілші көрген-білгенін жазады. Көбінесе Әмірболаттың өзінің қайталанбас қолтаңбасы бар және басқа да тілшілер қозғайтын тақырыпты өте қызықты, шұрайлы тілмен жеткізе біледі. Өзінің бойына тән қасиет бұл», - деді меншікті өндіріс департаментінің директоры Дана БАҚТЫҒАЛИЕВА.
Әмірболаттың жаңалықты беру тәсілі өзгеше екенін әріптестері де жасырмайды. Әркез ұлттың мүддесін бірінші орынға қоятын ол қоғамдағы көзге көріне бермес тың тақырыптарды сәтті көтереді. Мәселен, оны Америка құрама штаттарында тұратын қазақ қызының тағдыры бей-жай қалдырмай, тұшымды материал үшін мұхит асып келді.
«Әмірболат әрқашан өзгелерден дараланып тұрады. Тың тақырыптар табумен ерекшеленеді. Айтар ойы мығым, сөздік қоры мол журналист. Әлихан Бөкейханның сөзі бар: «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын деген». Әмірболат та сол сияқты. Өзінің ұлтына, қазаққа деген жанашыр, ұлтқа деген сүйіспеншілігі мол. Тілге ерекше құрметпен қарайды. Қоғамның белді мәселелерін көтереді. Қарапайым халыққа көмектесуге, соларға қол ұшін созуға үнемі тырысады», - деді ақпараттық сараптамалық бағдарламалар департаментінің шығарушы-редакторы Үмбетәлі МЕЙМЕШ.
Ақпарат айдынындағы кіл мықтылар бәйгеге түсетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында биыл Әмірболат Құсайынұлы тағы да өзінің кәсібилігін дәлелдей түскендей. Ол «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша екінші орын жүлдегері атанды. Бұл ұшқыр ойлы тележурналистің жалғыз жетістігі емес. Былтыр Әмірболат Құсайынұлының репортажы ел бойынша үздік деп танылған болатын.
«Мемлекеттік тіл саясаты насихаттауға, жалпы тілдегі ең өзекті деген тақырыптарды көтеріп жүрген журналистердің арасында төл мерекелерінің қарсаңында өткізілітен сайысымыз. Төрт номинация бойынша өткізіледі. Іріктеуден 100-ден аса материалдар келіп түсті», - деді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай АХЕТОВ.
«Бұндай жылына бір рет елеп-ескеріп, бәйгеге қатыстырып, ішінен оза шапқандарын марапаттап отыруы бұл әрине тілшілер қауымына жаңа міндет. Алдағы уақытта жұмыстарын ынталандыруға көмектеседі. Бүгінгідей БАҚ құралдарының арасынан бәйге алуымыз, бұл менің ғана емес, бұл біздің арнадағы тілшілердің, кадрдың сыртындағы операторлардың видеоинженерлердің, басшылардың, редакторлардың еңбегі деп білемін», - деді тілші Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ.
Әмірболат қызметтен бөлек, екі ұл мен қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Ол түрлі байқауларда оза шауып, қазақ телевизиясына тамшыдай болса үлесін қосып жүрген жайы бар. Ал бұл нағыз журналист үшін бақыттың өзі болса керек.
Назкен Байтілес, Рашид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы