Сағынтаев шекара арқылы жүктерді тездетіп өткізу керек деп сала басшыларына тапсырма берді

28.06.2017 16:05

Шекара арқылы жүктерді тездетіп өткізу керек. Олай болмаған жағдайда, транзиттік компаниялар үшін тауарларын көрші Ресей арқылы тасымалдаған тиімді болады. Министрлер кабинетінің  отырысында үкімет басшысы Қазақсан Темір жолы Ұлттық компаниясының президенті Қанат Алпысбаевқа осындай тапсырма берді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Ресеймен салыстырғанда Қазақстан аумағы арқылы жүктерді жеткізу бес күнге жылдам болғанымен, шекарада кеткен уақыттан ұтылады екенбіз. Осы орайда премьер-министр салаға жоғары технологияны енгізуді тапсырды.

«Өткен жолы біз консультанттармен кеңестік. Олар Қытай-Қазақстан шекарасына қарағанда, Қытай-Ресей шекарасында жүктердің тез өткізілетінін айтты. Ол жақта жылдам екен. Алайда Асқар Ұзақбайұлы олай емес дейді. Ал Дүниежүзілік банкінің сарапшылары қағаз жүзінде жасалған жұмысқа қарамайды. Олар жүктерді өткізу жылдамдығын бағалайды»,- деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Өз кезегінде Қанат Алпысбаев, Қазақстан Темір Жолында алдын ала ақпарат беру жүйесі енгізілгенін жеткізді. Қытайдан шыққан жүк пойызы туралы ақпар 2 күн бұрын анықталады. Кеденшілермен біріге электронды түрде жүйеленетін көрінеді. Сонымен қатар, бірыңғай электронды платформаға ауысу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Астана экономикалық форумы аясында бұл жұмысқа шетелдік компания тартылыпты. Бұл қазақ-қытай шекарасында қатынайтын пойыздарға қызмет көрсету уақытын біршама төмендетеді.