Жарты ғасырлық зерттеу нәтижесі. Археолог Карл Байпақов еліміздің жүздеген қала орталықтарында жүргізген қазба жұмыстарын топтап, 3 томдық монографиясына енгізді. Автор өз еңбегінде қазба жұмыстарында табылған қалдықтарға қарай отырып, араб, парсы және қытай дереккөздерін негізге алып, көшпенділер еліндегі қалалар біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың аяғында пайда болған деп сендіруде. Қазақ хандығы аумағында 30-дан астам қала болғанын алға тартуда. Көшпенді халықтар біртіндеп отырықшылыққа айналғандықтан, урбанизация процесі жат болмаған.
«Урбанизация археология және жазба деректерде тіркелген үрдіс. Археологияда ол - қазбалардан табылған қаланың қалдықтары. Қазақстан төңірегінде мұндай қаланың қалдықтары орасан көп. Ортағасырларда Ұлы Жібек жолының тармақтары Қазақстан жері арқылы өткендіктен бұл үрдістер өте жоғары дамыған. Олар Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз, Алматы және тағы басқалары. Үлкен зерттеудің нәтижесінде, менің және маған дейін бұл тақырыпты зерттеген Марғұлан, Ақышевтің жазбаларын қосқанда ауқымды материал жинақталды. Осы кітапты шығаруға мүмкіндік берді»,- деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Карл БАЙПАҚОВ.
Академик археология саласына 20 кітап пен жүздеген мақала арнаған. Оның еңбектері мектеп оқушылары және жоғары оқу орны студенттерінің оқу бағдарламасына енгізілген. Байпақов қазақ археология ғылымының негізін қалаушы ретінде шетелде де танымал. Ғалымдар монография қазіргі кезде ортағасырлар уақытына арналған негізгі іргелі еңбекке айналып отыр деген пікір білдіруде.
«2012 жылдан бастап шыға бастаған бұл еңбектің 2014 жылдан бастап Қазақ ұлттық университетінің оқу бағдарламасына енгізгенбіз. Жалпы, ежелгі қалалардың қалыптасу тарихы деген бар. Содан кейін орта ғасыр қала мәдениеті деген пән бар. Ұлы жібек жолы деген пәндер бар. Содан кейін биылғы жылдан бастап жаңа пән енгізіп отырмыз. Бұл Қазақстан жерінде қалалану процесінің қалыптасу және дамуы»,- деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, Дөкей ТӘЛЕЕВ.