Қазақстан балалар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы 10 мемлекеттің қатарында тұр. Былтыр елімізде 154 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, жыл басынан бері 25 бала өмірін қиған. Десе де, зерттеушілер суицид деректері азайды, дейді. Мәселен, 2008 жылы 300-ден аса жас бала өлген. Қоғамдық дерт дендеген соң, жасөспірімдер суицидінің алдын алу жобасы да әзірленген еді. Соның арқасында қыршын ғұмырын қиюға асыққандар саны қазір 35 пайызға азайыпты. Бірақ қауіп әлі де жоқ емес. Сондықтан биыл еліміздегі 2500-нан астам мектеп психологтарының біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Жалпы зерттеу бойынша балалар өлімінің барлығы отбасылық кикілжіңнен соң орын алған. Осыған орай, ата-аналармен де жұмыс күшейтіліп, олармен арнайы тренингтер өткізілмек.
«Ата-ана жиналысқа келген кезде мұғалімнің немесе психологтың тарапынан өзінің баласы туралы ескертулер немесе басқа да шағымдар естімейді. Керісінше, ата-анаға көмек көрсету үшін жасалады. Ата-анаға мүмкіндігінше барынша ақпарат беру және олардың балаға деген жұмыс істеу дағдыларын көтеруге үйретеді. Бүгінгі күні бұл жоба, Алматы қаласында ғана енгізіліп отыр. Болашақта оны Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді қоғамдық қордың жетекшісі Ерлан АЙТМҰХАМБЕТОВ.