Алматыда атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева концерт өткізуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда елорданың 20 жылдығы, Елбасының бастауымен қолға алынған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева концерт өткізіп жатыр. Классикалық кешті тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып жүрген аса дарынды дирижер Михаил Юровский сүйемелдейді. Ал «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі шетел классикасының үздік шығармаларын тыңдарман назарына ұсынуда. Талантты музыканттардың кешіне әріптесім Жадыра Омаржан да барған еді. Ол қазір студиямен тікелей байланысқа шығуға дайын тұр. Жадыра, еліміздің жүрегі -Астана күніне орайластырылған кештің ерекше өтері хақ. Ал алматылықтардың классикалық музыкаға қызығушылығы қалай?

Алматы - қашанда еліміздің рухани ордасы, білім мен ғылым, мәдениет пен спорттың орталығы. Бүгін әсем шаһардың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында атақты скрипкашы Айман Мұсақожаеваның кеші өтіп жатыр. Осыдан бірнеше минут бұрын басталған концертте классикалық музыка майталмандарының шығармалары орындалады. Оның қатарында, Рихард Вагнер, Сергей Прокофьев және Франц Шуберттің туындылары бар. Шетел классикасының үздік жауһарларын мыңдаған xалыққа скрипканың әуезді әнімен еліміздің xалық әртісі Айман Мұсақожаева жеткізеді. Сондай-ақ киелі саxнаның төріне тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленіп жүрген, Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрған дирижер Миxаил Юровский сүйемелдейді. Ал «Солистер академиясы» үздік классикалық шығармаларын тыңдарман назарына ұсынады.

«Жастардың симфониялық концертке, классикалық концертке драма театрға баруына ықпалдасуымыз керек. Олардың рухани жағынан, әлемдік мәдениетке көзқарасын қалыптастыру, бұл біздің үлкен мақсатымыз», - деді Қазақстан Республикасының халық әртісі Айман МҰСАҚОЖАЕВА.

Айта кетейін, көптеген xалықаралық конкурстардың лауреаты Айман Мұсақожаева 1992 жылдан бері «Солистер академиясының» көркемдік жетекшісі болып еңбек етіп келеді. Ал «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұжым Сүндет Байғожин, Димаш Құдайберген сынды жас өнер иелерімен бірге еліміз бойынша турне өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ қазан айында АҚШ-та қазақ xалқының бай мәдениетін насиxаттайтын xалық және классикалық әуендерін орындамақ.


Новости партнеров