Алматы мен Талғар арасында лимузин такси қатынауда

 Алматы мен Талғар арасында лимузин такси қатынауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал Талғар халқы Алматыға лимузинмен қатынайды. Ел арасында «той кортежі» аталып кеткен көліктің иесі жолаушы тасымалдап жүр. Той-томалаққа сұраныстан қалған 9 метрлік лимузинмен нәпақа табуды жөн көріпті.

Күнделікті нәпақасын мына көліктен тауып, отбасын асырайтын Жасұлан Әбжатов жолаушыларды осылай күле жүріп қарсы алады. Өзгелердей тізгінде отырып, жол жиегін сағаттап аңдымайды. Алматы мен Талғар арасына лимузинмен барғысы келетін жолаушыларда есеп жоқ. Көлік бас-аяғы 5 минутта адамға лық толады.

Лимузин таксиге жолаушылар бастапқыда үрке қараған екен. Қазір ептеп үйрене бастаған. Иесі көлігіне күн сайын 10 адамға дейін отырғызып, арлы-берлі 4 рет жолаушы тасымалдайды.

9 метрлі лимузинмен қатынау құдды бір тойда жүргендей әсер қалдырады, дейді көпшілік. Бірақ жүргізуші сұрайтын жол ақысы өзге таксилерден артық та кем де емес.

Көлік иесі бастапқыда лимузинін өзгелерге жалға беріпті. Кейін үйінде 2 жыл қаңтарылып қалған көлікпен басқаша ақша табыдың жолына көшкен. Сөйтіп, қыс түскелі досы екеуі тиісті рұқсаттарын алып, адам тасуға кіріскен. Олар Талғардан бөлек, ара-тұра қала ішінде де жолаушы тасымалдайтын көрінеді. Ал тапқан табысты күнделікті ас-суына жұмсайды.  

«Той-томалаққа шығып жүрді. Қазір тойға неше түрлі машина шығып кетті. Заман дамып кетті. Ауылды жердің өзінде қазір гелендар, хамерлар жүріп жатыр. Бұлар енді сатсаң өтсе өтеді, өтпесе ол есіктің алдында құры тұрып шірігенше бір пайдасын тигізу керек», - деді такси жүргізушісі Жасұлан ӘБЖАТОВ.

Кәсіпкерліктің жаңа түрін ашқан такси жүргізушісі жазға қарай ескіре бастаған көлігін түгелдей жөндеп шықпақ. Ішкі орындықтарын ауыстырып, жарық шамдарын да жаңаламақ. Мұның барлығы жолаушылардың ыңғайы үшін жасалатын жағдай, дейді лимузин иесі.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров