Қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың бейнелекциялары OpenU порталында қолжетімді

18.06.2018 15:04

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітаптың бейнелекциялары OpenU.kz порталында әрбір оқырманға қолжетімді. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессорлары дайын 25 бейне-лекцияны орыс тіліне аудару ісін қолға алды. Айта кетейік 18 оқулықтың үштен бірі осы оқу орнында аударылған. Ал дайын оқулықтарды еліміздің 110 жоғары оқу орнынан табуға болады.

Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттер құрамы қазір аударылған 18 оқулықты қызу талқылап жатыр. Ұстаздар оқу үрдісіне енгізіп, тәлімгерлер танысуда. Айтуларынша, ағылшын тілін түсінбейтін азаматтар Гарвардта қолданылатын оқулықтарды енді қиналмай пайдалану мүмкіндігі туды.  

«Ағылшын тілін жетік білмесе де, осы еңбекті оқу арқылы иына тіпті Гарвард университетінің студенттері алып отыған білімдерді алу мүмкіндігіне ие. Мен өзім оқытушы ретінде, студенттерге дәрістер оқығанда қазақша мәліметтерді таба алмастан, тіпті орыс тіліндегі кейбір мәліметтерді таба алмастан, біздер ағылшын тілінен аударуға тура келетін. Бұның қуантып отырғаны дәл осы құнды мәліметтердің қазақ тіліне аударылуы»,-деді Әл-фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Динара НҰРАН.

Қазақстандық студенттер аударылған оқулықтардың шарапатын жаңа оқу жылынан бастап көреді. Оқытушылар да әдістемелік құралдарын әзірлеп, қандай тақырыптарды тереңнен оқу керектігін жүйелеуде. Ал кітаптардың электронды форматтары қалың оқырманның әрқайсысына қолжетімді болды.

«Әлемдік деңгейдегі оқулықтардың оқу үрдісінде көрініс табуы қажетті болды. Біз тек қана өзіміздің аударған кітаптарымызды емес, жалпы осы Елбасының жобасымен болған 18 кітапты да қолданысқа енгізу бойынша әдістемелік нұсқаулық дайындадық»,-деді Әл-фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің кафедра меңгерушісі Айнұр ҚҰРМАНАЛИЕВА.

Ал 18 оқулық бойынша әзірленген бейнелекциялардың қазақша нұсқасы OpenU.kz ашық университетінің порталында жарияланды. Әр оқулықта 25 бейнелекциядан құралған жинақты оқытушылар мен студенттер керектеріне жарата алады. Ұлттық университеттердің профессорлары сол материалдарды орыс тіліне аударып жатыр. 1-ші қыркүйектен бастап оқырмандар мен тыңдармандарға олар да қолжетімді болмақ.

Азамат Әуезхан, Рашиддин Якубов, Алматы телеарнасы.   

Теги: учебники