Биылдан бастап мектеп бағдарламасына ерекше пән енгізіледі

Биылдан бастап мектеп бағдарламасына ерекше пән енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы оқу жылында мектеп бағдарламасына «Өлкетану» курсы енгізіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде басылып шыққан оқулықтар 5, 6 және 7 сыныптарға арналған. Қазіргі кезде кітаптар барлық өңірге жеткізілген.   

«Өлкетану» жеке пән емес, орта мектептерге енгізілген курс. 5,6 және 7 сыныптарға арналған жаңа сабақ 4 пәннің ішіне енеді. Олар: қазақ әдебиеті, география, ән сабағы мен Қазақстан тариxы пәндері. Курстың жалпы уақыты – 20 сағат.

«Бұл бөлек пән емес. Әр пәннің ішінде болады. Мәселен, 5-ші сыныпта 5 сағат, 6-шы сыныпта 7 сағат, ал 7-ші сыныпта 8 сағат қана оқытылады. Курстың негізгі мақсаты – әр оқушыға туған ауылы, туған өлкесі туралы мәліметтерді беріп, олардың патриоттық, елжандылық сезімдерін дамыту», – деді «Оқулық» орталығы директорының орынбасары Әділxан ДҮЙСЕБЕК.

Оқулықтарға әрбір өңірге қатысты тарихи оқиғалар, қазіргі заманның танымал  тұлғалары мен олардың ісі және құрметті азаматтары туралы ақпараттар енгізілген. Оқулықтарды әзірлеу барысында оқиғалар бойынша келіспеушіліктер болған. Тіпті, «әдебиеттің» алғашқы нұсқасы да сапасыз шығып, республикалық сараптама комиссиясы оны кері қайтарған.

«Әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Руxани жәдігерлері, табиғаты, танымал тұлғалары, соның бәрін шынайы түрде, бұрмалаусыз көрсету керек еді. Сондықтан оқулықтарды әзірлеуге жергілікті жердің ғалымдары, педагогтары мен өлкетанушылары қатысты», – деді «Оқулық» орталығы директорының орынбасары Әділxан ДҮЙСЕБЕК.

Екі сараптамадан өткен «Өлкетану» курсын толықтай қамтитын 29 оқулық жетерліктей есеппен облыстарға жіберілген. Патриотизм мен елжандылыққа баулитын кітаптарға мемлекеттен қаржы жұмсалмаған. Барлық шығынды 5 баспа орны өз мойындарына алған. Бұл бастама «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров