Алматы облысында 4 балықшы жоғалып кетті

Алматы облысында 4 балықшы жоғалып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 4 балықшы іздестіріліп жатыр. Өткен айда Сорбұлақтан балық аулауға шыққан олардан әлі күнге хабар жоқ. Құтқарушылар іс-түссіз кеткендер суға батқан деп болжап отыр. Сондықтан көл түбінен мүрделерін іздеп көрген. Алайда, 2 аптадан бері олардың мәйіттерін таба алмауда. Ал, балықшылардың туыстары болса, оларды бәзбіреулер қамап тастап, құлдықта ұстап отыр деген ойда.

Өңмеңін өксік жұмалаған ананың тауы шалыған қазір. Жаулығына күнде жасын сүртіп, баласынан әлдебір хабар бола ма деп, есік жаққа елеңдеумен отырады. Ұлы Ұлан өткен айдың 25-інде достарымен балық аулауға шығып, содан бері оралмапты.      

«Содан іздегеннен іздедік қой, міне жоқ. Бүгін 13-ші күн болды. Ештеңке табылмайды. Не қайық, не басқа нәрсе», - деді Ұлан Түткенбаевтың анасы Эльмира ҚАЛЫМБЕТОВА.

 Сорбұлаққа Ұланмен бірге 3 адам барған. Жақын танысы Азамат екеуі қайыққа отырып, көлдің ортасына беттепті. Қалған екеуі жағада қалып, соларды күткен көрінеді. Суға ау салуға кеткендердің жоғалғаны туралы ақпаратты жағада қалғандар жақындарына ертесі күні естіртеді. Содан кейін, құтқарушылар балықшыларды іздестіруге кірісіпті.      

Құтқару операциясына жедел жасақ жұмылдырылған. Алайда 2 аптадан бері балықшылардың мүрдесін анықтау мүмкін болмады. Құтқарушылар 1 шақырым аумақты түгел тінтіп шықтық дейді.  

«Аумақты жіті тексердік. Іздестіру жұмсытарына қолайсыз күн райы кесірін тигізді. Үскірік аяздан көлдің бетімен жүру мүмкін болмады. Ешқандай айғақ заттарды таппадық», - деді Қапшағай қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы Марат БИТАНОВ.

Шынтуайтында, Сорбұлақтан балық аулауға заңмен тыйым салынған. Хабар-ошарсыз кеткендердің ол аумаққа қалай кіріп кеткенін ешкім білмейді. Қатулы қарауыл да жан баласын жолықтырмадық деп, міз бақпаған.    

Ақтүтек боранда жоғалған адамдарды іздестіру қиынға түскен. Оның үстіне көлдің бетіне қалың мұз қатып, құтқарушылар қайықпен жүруден қалыпты. Сондықтан балықшылардың мүрдесін іздестіру уақытша тоқтатылды.  

Жоғалған жігіттердің жақындары құзырлы орындарға арыз жазып, тиісті көмек көрсетулерін сұраған. Олардың ойларынша, хабар-ошарсыз кеткендерді бәзбірлеулер қамап, құлдықта ұстап отыр. Алайда тәртіп сақшылары жоғалғандарды іздестіруге құлық танытпапты. Білдей бір мекемеде іске білек сыбана кірісіп, куәгерлерден жауап алатын адам табылмаған.

«Ол кісілер тергеген жоқ. Бір-бірлеріне сілтейді. Бастықтардың барлығы жабылып қалған. Сол «Азаматпен бірге барған бала түсініктеме ал, оның да сендер сияқты аяғы ауыл әйелі бар», - дейді. Олардың обалына не үшін қалам? Менің де 2 ұлым бар. Үшіншісіне аяғым ауыр», - деді Азамат Ақмолдиннің әйелі Назерке.

Жандарының жер басып жүргендеріне кәміл сенген шерменді отбасы енді  көріпкелдерден көмек сұрайды. Балаларының нақты қайда екенін тек солар дөп басып айтып бере алады деген ойда.

«Оқиға болған жерге барып, бізге көмектессе дейміз. Ішімізде күдік бар. Ол тірі болуы керек», - деді Ұлан Түткенбаевтың анасы.

Дәл осы Сорбұлақта өткен айдың басында тағы 2 балықшының жоғалып кеткені мәлім болды. Ал, соңғы 5 жылда Алматы облысында 200-ден астам адам суға кетіп, қаза тапқан екен.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы 

Новости партнеров