Сағынтаев бюджет қаржысын игере алмаған министрлерді сынады

Сағынтаев бюджет қаржысын игере алмаған министрлерді сынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражатын игере алмаған министрлерден қатаң жауап алды. Премьер-министрге жылдың аяқталуына төрт ай қалғанда 80 миллиард теңгеден артық соманың тиісті жерге жұмсалмағаны айтылды. Ведомство басшылары бас қосқан отырыста цифрландыру, ауылшаруашылық пен жалақы жайы талқыланды.    

Үкіметтің селекторлық отырысында елді көркейтіп, халық жағдайын жақсартатын бюджет жайы талқыланды. Астананың су жаңа әкімі, Қаржы министрі ретінде соңғы рет баяндама жасаған Бақыт Сұлтанов 8 айда 80 миллиард теңге игерілмеген деді. Жағдайды естіген Бақытжан Сағынтаев әр министрден жеке-жеке неліктен мұндай көрсеткіш болғанын сұрады. Алғашқы болып 15 миллиард теңгеден артық қаражаты қалып қойған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан жауап алған еді, ведомство басшысы мәселеден хабардармын деді.  

«Сіз жаңадан келіп жатырсыз, не себептен игерілмей жатқанын қараңыз. Жылдың соңы болып қалды, ең үлкен қаржы сіздің министрліктің есебінде болып тұр», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Премьер-министр қорғаныс саласына енді ауысқан Ермекбаевқа кешірімді болса, 11,1 миллиардтпен екінші орында тұрған, еліміздің мәдениеті мен спортына тікелей жауапты Арыстанбек Мұхамедиұлының және 10,9 миллиард теңгесі игерілмеген Ауылшаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевтің жұмыстарын қатты сынады.

«Біздің бюджет – 355 млрд теңге. Соның 10,9 млрд теңгесі 8 айдың қорытындысында игерілмеген. Оның ішінде, 5 млрд теңгеден астамы үшін су шаруашылығынан актілер күтіп отырмыз. Бірден ақша төленеді. Содан кейін ғылым жағынан 3,5 млрд теңгені төлеуге баяғыдан дайынбыз. Бірақ Білім министрлігіне өтінім маусым айында, одан кейін тамыз айында берілген. Ол жерде 90 күн қаралады. Соны біз қалай қысқартамыз? Ол кісілермен қайта-қайта сөйлесіп отырмын. Қарау мерзімін қысқарту керек шығар», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Ұрыстың шет-жағасын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Қызылорда, Түркістан, Ақмола облыстарының басшылары да естіді. Өңірлерге 449 миллиардқа жуық ақша аударылған. Оның 95 пайызы тиісті жерге жұмсалған. Жалпы, республикалық бюджеттің шығыстары 6 триллион 277 миллиард теңгені құраған. Ал әлі жаратылмаған сома – 91 миллиард, оның ішінде үнемделуі – 10,3 миллиард теңге десек, толық игерілмеу көрсеткіші – 80,7 миллиард теңгеге жеткен. Олқылықтар жойылмаса, өкпелемеңіздер деп қысқа қайырған Үкімет басшысы әлеметтік-экономикалық даму тақырыбына ойысты. Сағынтаев жалпы ішкі өнімді Елбасы тапсырмасына сай, 4 пайызға дейін көтеруді тапсырды.

«Жылдың соңына дейін 4 пайызбен аяқтау үшін біз 4 айдың көлемінде 4,2 пайызбен өсуіміз керек. Жұмыс күрделенді. Белгілі мысалдағыдай «ала жаздай ән салып, шырылдаған шегірткедей» күз түскенде дірілдеп, жұмысымыз жүрмей қалып жүрмесін. Негізгі мәселе - тамыз айындағы жұмыстың жүрмеуінде. Босаңсып кеттік. Сол себептен, Елбасының тапсырмасын орындап, жылды жақсы көрсеткішпен аяқтау керек», – ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жиында Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және коммуникация министрлігіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дамытып, ел тұрғындарының сауаттылығын арттыру жүктелді. Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласындағы субсидияны алуға қажетті мемлекеттік қызмет жыл соңына дейін автоматтандырылады. Үкіметте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылы өнеркәсіп өндірісі 0,4 пайызға бәсеңдеді деді. Әсіресе, кен мен мұнай өндірісінде көрсеткіш төмендеген.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров