Сақал қойған адамдар Қытай шекарасынан өте алмайды

08.12.2017 22:51

Сақал қойған немесе салт-жоралғымен киінген адамдар  Қытай шекарасынан өте алмайды. Алматы облысының прокуроры Азамат Жылқыбаевтың айтуынша бұндай шешімді Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының билігі қабылдаған.  Қытай Халық Республикасы әскери бөлімдері сәуірден бастап енгізген тәртіп Қазақстан азаматтары үшін де, шетелдіктер үшін де қиынға соққан. Келісім бойынша, мұндай күшейтілген тексерісті тек табиғат апаты, эпидемия немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде ғана қолдану қарастырылған.

«Қытай жаққа ұлты мен азаматтығына қарамастан  мұсылман салтын сақтаған адам өткізілмейді. Сауда экономикалық орталықтың аумағы 560 гектар. Оның 343 гектары Қытай тарапына қарайды. Былтыр 52 қылмыстық іс болса, биыл 47 оқиға орын алды. Қазақстан аумағына қарасты жерде заңсыз казино бизнесімен айналысқан қытай азаматы бар. Бірақ оның төлқұжаты жоқ болғандықтан жауапқа да тарта алмай отырмыз», - деді   Алматы облысының прокуроры Азамат ЖЫЛҚЫБАЕВ.  

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында орын алып отырған өзгеде мәселелер  аз емес. Мәселен, біздің құзырлы орган осы өңірде заң бұзған өзге де Қытай азаматтарын жауапқа тарта алмайды екен. Тіптен қытайлық кәсіпкерлер камазбен тонналап тасыған тауарларын құжатта қасақана арзан бағаға немесе басқа атаумен жазады. Тізбектелген мәселелерді тікелей қойған қазақ тарапына Бейжіңнен келген делегаттар «бұндай бассыздықтан мүлдем хабарсызбыз» деп, қысқа қайырды.

«Егер жағдай өзгермейтін болса біз бақылауды күшейтуге мәжбүрміз. Декларация бұрмаланады. Қазақстан аумағына өткен 30 мың жүк көлігінің жартысында құжаттары тиелген тауарға сәйкес келмейтін болып шықты», - деді  Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі  Ерлан НҰРЛАНБАЕВ.