Қазақстандағы ең үлкен телескоп күрделі жөндеуден соң, қайта іске қосылды. Құрылғыға аспан әлемін қашықтықтан бақылау жасауға мүмкіндік беретін матрица орнатылған. Бұл астрономдардың жұмысын жеңілдететін көрінеді. Бұдан бөлек, біздегі Түрген Ассы обсерваториясының аумағына Орта Азия елдерінде жоқ ең үлкен телескоп орнату көзделуде. Айдана Мейрамбайқызы жалғастырады.
Бүгінде Қазақстанда аспан әлемін зерттейтін 3 ірі обсерватория бар. Олар Тянь-Шань тауында, Каменский шыңында және Түрген жотасында орналасқан. Дәл осы Алматыдан күн шығысқа қарай 85 шақырым қашықтықта биік таулы жерде тұрғызылған Ассы Түрген елдегі тамаша астроклиматы бар жалғыз обсерватория екен. Өйткені, мұнда аспан әрдайым мөлдір көрініп, сәулелік ластану мүлдем тіркелмейтін көрінеді.
1981 жылы салынған Түрген Ассы обсерваториясы теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікте орналасқан. Үлкен аумақта бірден 3 телескоп бар.
Телескоптар диаметріне қарай 500 миллиметрлік, 1 және 1,5 метрлік болып бөлінеді. Ғалымдар бұл құрылғылармен бақылауларын обсерватория тұрғызылған алғашқы жылдардан-ақ жүргізе бастаған. 3 телескоптың зерттеу мүмкіндіктері де әртүрлі. Кішкентайлары жақында орналасқан жұлдыздарды бақыласа, үлкені қашықтықтан бақылау жасайды.
Бұл Қазақстандағы ең үлкен телескоп. Құрылғының ішінде 1,5 метрлік айна орналасқан. Телескоптың ерекшелігі - алыс ғарыштағы аспан денелерін анық, әрі үлкен етіп көрсетеді. Ал, мына жаңартылған матрица қашықтықтан басқару арқылы ғарыштан суреттерді түсіріп, оны өңдеу үшін орталыққа жібереді екен.
Бұл телескоп тоқсаныншы жылдары іске қосылған. Бірақ, сол тұстағы тоқырау қол байлау болып, құрылғыны түгелдей жабдықтау мүмкін болмапты. Ал, 2015 жылы ірі телескопты жаңарту туралы шешім қабылданады. Мамандар кешенді содан бері күрделі жөндеуден өткізіп, осы айдан бастап іске қосты. Жөндеу кезінде телескопқа орнатылған матрица әсіресе астрономдардың жұмысын ждеңілдеткен. Олар бұрынғыдай аспанған көзбен қарап әуре болмайды, барлық жұмысты осы құрылғы өзі тындыратын көрінеді.
«Бұл жақта бақылау блогы орнатылған. Моторлардың барлығы жаңартылған, купол да жаңартылған. Куполдың айналу құралдары да, бөлшектері де жаңартылған. Телескоптың айналу механизмдері де жаңартылған. Моторлары жаңартылған, генераторлары жаңартылған»,- деді Фесенков атындағы астрофизикалық институт директоры, Асылхан БИБОСЫНОВ.
Жаңарту нәтижесі ғалымдарға аспан әлеміндегі өзгерістерді айна қатесіз бақылауларына мүмкіндік берген. Айта кетсек, Түрген Ассы астрономиялық обсерваториясында бас-аяғы 5 маман жұмыс істейді. Олардың үшеуі күн сайын 3 телескопқа кезекшілікке тұрып, бақылау жасайды.
«Қазақстандағы обсерваториялардың қиындықтарына келетін болсақ, онда жас аралықты айтып өтсек болады. Қазір тек үлкен жастағы ардагер астрономдар қалған. Орта жастағы мамандар жоқ десе де болады. Енді жас мамандар енді-енді ғана тартылып келе жатыр»,- деді Астрофизикалық институт инженері, Мұқағали ҚАЛАМБАЙ.
Астрономдар бұдан бөлек тың жобасымен таныстырды. Олар Түрген Ассы обсерваториясының аумағына Орта Азия елдерінде жоқ ең үлкен телескоп орнатпақшы. Құрылғының ішіндегі айнаның диаметрі 3 метрден аса. Әзірге тек АҚШ пен Жапонияда ғана бар мұндай телескоп, Қазақстанда орнатылса ғаламшарды зерттеуге көп мүмкіндіктер ашады екен. Әрі, бұл салаға жас мамандарды тартуға септеседі деген болжам бар.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы