Санитарлық авиацияның көмегіне зәру болған шымкенттік келіншек қайтыс болды. 30 жастағы түркістандық ана алтыншы баласын босанғаннан кейін бір айға жуық ес-түзсіз жатқан болатын. Дәрігердің айтуынша, босанған сәттен бастап науқас әйел жасанды аппараттың көмегімен ғана тыныс алған.
«Қайтыс болған азаматша біздің ауруханаға 2 қазан күні ауыр жағдайда түсті. Біз бірнеше рет республикадағы медициналық орталықтағы мамандардан кеңес ала отырып, ем көрсеттік. Қос гепатит ауруына шалдыққандықтан, бауыр ауруы асқынып кеткен. Сегізінші қазан күні сағат оннан аса азаматша көз жұмды», - деді Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав ЦАЙ.
¤Бауыры асқынған анаға Алматыдан санавиацияның дәрігерлері бармақ болған еді. Алайда Шымкентке ұшқан АН-28 санавиация ұшағы Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта құлап, бортта болған бес адам қаза тапқаны мәлім. Қайғылы жағдайдан кейін де науқасқа көмектесу үшін астана қаласынан дәрігерлер Шымкентке екі рет келген. Көп қан жоғалтқандықтан дәрігерлер оның жатырын да алып тастаған. Алайда мидың ісігімен қатар көптеген ауруларға шалдыққан келіншектің өмірін арашалап қалу мүмкін болмады.