Саны бар да, сапасы жоқ кооперативтер көп - АШМ

Саны бар да, сапасы жоқ кооперативтер көп - АШМ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі және ұсақ кооперативтерді біріктіріп, осы саладағы жұмысты жаңаша жүргізуді ұсынып отыр. Себебі саны бар да, сапасы жоқ кооперативтер көбейіп кетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, кооперативтердің қызметіне жасалған зерттеу маңызды бір мәселені анықтады. Бүгінде 851 кооперативтің ішінде тек 491 кооператив қана қажетті теxникамен жабдықталып, ағымдағы жыл ішінде өнім өндіруге дайын. Ал 360 кооперативте тиісті құрал-жабдықтар болмай шықты.

«Өкінішке қарай, жағдайды «саны бар, сапасы жоқ» деп айтуға тура келеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тіркеу бойынша индикаторларды белгілеу практикасын жалғастыру орынсыз деп есептейміз. Бұл ретте облыс әкімдері құрылған кооперативтердің жобалық қуаттылығына шығуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, жұмысына кіріспеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одан ары қарай жұмыс істеу қабілеттілігін анықтауды аяқтауымыз қажет. Бұдан басқа, қазіргі уақытта көптеген кооперативтер өндірілген өнімді өткізу, дайын өнімнің теxнологиясы мен қауіпсізідігі саласында арнайы білімнің болмауы, сонымен қатар, негізгі және айналым қаражатының болмауы проблемаларына тап болып отырғанын назарға ала отырып, «зәкірлік» ауыл шаруашылығы кооперациясын құру моделін қолдануды ұсынамыз. Бұл ірі және ұсақ агроөнеркәсіп кешенінің субьектілерін экономикалық тұрғыда біріктіруге мүмкіндік береді. Республикада қазірдің өзінде ондай бірігу сxемалары бар», - деп атап көрсетті А.Евниев.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының өткен жылғы нәтижелері қаралды.

Новости партнеров