Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 4 жастағы Мұхаммед Аскаров есін жиды.
Еске салсақ, баланы 16-шы шілдеде Алматыдағы шығыс айналма жолында көлік қағып кеткен еді. Туыстарының айтуынша, жүргізуші бүлдіршінді көлігімен қаққаны аздай, қылмысын жасыру үшін оны жол жиегіндегі бұталардың арасына тығып кеткен. Қайта өзге жолаушылар баланы байқап қалып, жедел жәрдем шақыртқан.
Қазір баланың жағдайы әлі де ауыр, бірақ дәрігерлердің айтуынша оң үрдіс бар. Алдағы күндері Мұхаммедті жансақтау бөлімінен палатаға ауыстыру жоспарланып отыр.
«Кәсіби мамандар мен профессорлар баланы тексерді, жағдайы жақсарып келеді. Бала есін жиды, енді бірнеше күн бақылаймыз, сосын профильді бөлімге ауыстырамыз. Өзгеріс болып жатса қосымша ақпарат береміз, әзірге ол жансақтау бөлімінде болады», – деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан ИСАБЕКОВ.
Баланы қаққаны аздай, оны қансыратып, қашып кеткен кінәлі жүргізушіні іздестіру шарасы әлі де жалғасуда. Полиция қызметкерлері мен баланың туыстары жол-көлік апатының куәгерлерінен көмек күтеді. Ал әзірге автокөлікке немесе қылмыскерге қатысты ешқандай ақпарат пен болжам жоқ.
Тоғжан Аман, «Алматы» телеарнасы