|
30.05.2018 | 21:20
2663

Алматыда қызды қағып өлтірген автобус жүргізушісіне үкім шықты

Алматыда қызды қағып өлтірген автобус жүргізушісіне үкім шықты

Алматыда Төле би көшесінің бойында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген қоғамдық көлік жүргізушісіне сот үкім кесті. Енді ол 1 жарым жылын темір торда өткізеді. Ал бостандыққа шыққан соң 4 жылға дейін көлік жүргізе алмайды. Кеше ғана сотталушыны қайтыс болған қыздың туыстары кешірген еді. Тіпті, оның 3 баласының барын айтып бостандығынан айырмауды сұраған. Мұндай рақымшылықтан соң, жазадан құтылуға үміттенген автобус тізгіншісі мен оның туыстары үкімді қалай қабылдады?

Жол ережесін өрескел бұзып, жаяу жургіншіні қағып мерт қылған қоғамдық көлік жүргізушісі Ануар Жәнібековке бүгін сотта соңғы сөз берілді. Қателігінен оңбай опық жеген ол қайтыс болған қыздың туыстары бүгінгі процесске келмесе де, марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Өткен іске өкініп, судьядан бас бостандығынан айырмауға жалбарынды.

«Туысқандарынан, әке-шешесінен кешірім сұраймын. Сот мырза сізден ақырғы сөзімде сұранатым бас бостандығымнан айырмайтын жазаны қолдануыңызды сұраймын. Істеген ісіме қатты өкінемін, кінәмді мойындаймын», - деді сотталушы Ануар ЖӘНІБЕКОВ.

Сотталушы қанша жалбарынғанмен, судья Жәнібековті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Әрі көлік жүргізуіне 4 жылға дейін тыйым салды. Ол енді жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Кеше ғана марқұм Айғаным Ерланқызының әке-шешесі сотталушыға кешірім берген еді. Осыдан соң сотталушының жақындары ол шартты түрде жаза арқалап, бостандыққа шығады деп үміттенген. Алайда, судьяның ақырғы сөзі барлығын есеңгіретіп тастады.

«Бізде Алматыда бұндай жағдайлар көп болады. Мына үкім жалғыз мына кісіге болмайды, басқа жүргізушілерге, автобус жүргізетін адамдарға ол қатаң ескерту болу керек. Әйтпесе, барлығы мен жәбірленушілермен татуластым, ертең бұл істі қысқартады содан кейін босап жүре беремін деп ойлайды. Ары-бері солай ережені бұзып жүре беремін деп. Ондай болмайды, сол үшін сондай үкім шығардым», - деді Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы Ерхан ТОТЫБАЙ.

Бұл оқиға расымен тас жолда тайраңдайтын Алматының қоғамдық көлік жургізушілерінің барлығына сабақ болуы тиіс. Естеріңізге сала кетсек, жантүршігерлік жағдай сәуірдің 18-і болған еді. Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында бағдаршамға өтіп бара жатқан 23 жастағы қызды №126 автобустың тізгіншісі қаққан. Соққының ауыр болғаны сонша, бойжеткен 20 метрге ұшып түсіп, жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған еді. Ал жүргізуші дереу қамауға алынды. Тергеу кезінде аялдамаға аптыққан жүргізушінің бағдаршамның қызыл түсін елемей, жол ережесін өрескел бұзғаны дәлелденді. Енді, міне, бұл іске бүгін нүкте қойылып, 41 жастағы азамат 1 жыл 6 айын темір торда өткізеді.


Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ДТП
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир