Алматылықтарға жылуды 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік тумақ

15.12.2017 23:11

Алматылықтар тұрғын үйде жылу тұтынуды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік алады. Алайда ол үшін жылуэнергиясын аз пайдалануға арналған құрылғыны орнату керек. Ондай құралды үйлерге енгізу үшін аталған жүйе заң тарапынан қолдау табуы тиіс екен. Бұл туралы тұрғын үйлерге жылу беру саласындағы мәселелерге арналған конференция барысында айтылды. Аталмыш үнемдеу аппараты арқылы халық тұтынып отырған жылуды керегінше көбейтіп немесе азайтып отыра алады.

«Бүгін осы мәселені көтеріп, жауапты органдар тарапынан қолдау керектігін айтып келеміз. Халық жылуэнергиясын үнемдеп, төлемдерді азайтуды қалайды. Егер арнайы үнемдеу аппаратын орнатсақ көздеген мақсатқа жетер едік. Мұндай жоба көршілес Ресейде бірнеше жылдан бері жүзеге асуда», - деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС жылу энергиясы құралдарын есепке алуды бақылау қызметінің басшысы Дмитрий ФЕДЮКОВ.

Сондай-ақ «Алматы жылу жүйелері» мекемесінің 55 жылдығына орайластырылған отырыста жылумен қамту туралы арнайы заңнама қажет екені айтылды. Мамандар, тұрғын үй коммуналды шаруашылық саласында осы мәселе кенже қалып отыр дейді. Электроэнергетика қауымдастығы өкілінің сөзінше, еліміздегі жылу беретін станциялар ескіріп, өндірістік шығындарға жиі тап келеді.

«Жылумен қамту жүйесі бойынша арнайы заңнама жоқтығынан бөлек, энергетика секторларының нормативті-құқықтық актілері түрлі құрылымдарға еніп, әртараптанып кеткен. Салаға сәйкес техникалық және технологиялық бірыңғай саясат жоқ. Бұл жобаны іске асыру үшін біз үкіметке ұсыныс жасауды жоспарлап отырмыз», - деді Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығының төрағасы  Шаймерден ОРАЗАЛИНОВ.