Астанада 10 жастағы науқас қыз көмекке зәру

Астанада 10 жастағы науқас қыз көмекке зәру
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада 10 жастағы науқас қыз көмекке зәру. Малика сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Қажет қаражат жұтаң отбасыда жоқ. Сондықтан, олар халықтан жәрдем сұрауда.

Маликаның мінезі жайдары, үнемі күлімсіреп жүреді. Ағылшын тілін меңгеріп жүр. Сурет салғанды ұнатады. Әрі әдеби шығармаларға үйір. Келешегі кемел дерсің. Бірақ, шідеріне байланған ауру - науқас қыздың өзге қатарластары сияқты  жетілуіне мүмкіндік бермейді. Қаршадай қыздың омыртқасы мен жұлын арасын байланыстыратын май тіндерінде қатерлі ісік бар. Анасының айтуынша, ауру соңғы кезде өрши түскен.              «Біз әрбір 3 сағат сайын сүмбілеу арқылы несепті сыртқа шығарып отырамыз. Уақытылы істемесек бүйрегіне зақым келуі ықтимал. Себебі, қазірдің өзінде сол жаққа субүйрек деген диагноз қойылды. Сол жақ бүйрегі мүлде жұмыс істемейді»,- деді Қала тұрғыны, Зәуреш ТІЛЕНБАЕВА.

Ал, Зәуреш болса 10 жылдан бері қызының дертімен бірге күресіп келеді. Үмітін ешқашан үзген емес. Елімізде отандық дәрігерлер бұл ауруды емдеуге әлсіз болса, шетелде толыққанды жазылуға мүмкіндік бар. Ол үшін Израильге аттану қажет. Бүгінгі таңда, ота жасату үшін жиналған көкқағаздың көлемі бір пайызға да жетпейді.

«Отаға 54000 доллар қажет.Оның ішіне емделу мен жол кіріп отыр.Біз өз күшімізбен 1800 доллар жинадық. Адамдардың біразы көмектесті. Скайп арқылы шетелдегі дәрігермен де сөйлестік. Ол бізге үміт берді. Тек барсақ болғаны. Олар дереу ота жасауға әзір.Себебі, ұзаққа созсақ, қызымның жағдайы қиындауы мүмкін»,- деді Қала тұрғыны, Зәуреш ТІЛЕНБАЕВА.

Отағасының тапқаны ішіп-жемнен артылмайды. Тұрақты жұмысы да жоқ. Үлкен қыздары мүлде оқуын тастап, қазір жұмыс істеп жүр екен. Отбасында Маликаның артынан ерген тағы екі кішкентай бала бар.

«Менің күйеуім тіпті бүйрегін сатпақ болды. Осындай тығырыққа жеттік. Бұйыртса, барлығы жақсы болады. Мен оған сенемін.10 жыл бойы жүрегіміз ауырып, қызды жоғалтып аламыз ба деп шошып келдік. Елімізде 18 млн халық тұрады. Егер әрбірі 100-200 теңгеден жинаса, қажетті сомада жиналар еді.Сондықтан, мен қайғыма ортақ әр азаматтан қолдары келгенше, жәрдем беруін сұраймын.Бір тиын келсе де, қуанамыз»,- деді Қала тұрғыны, Зәуреш ТІЛЕНБАЕВА.

Зәурештің күні-бүгінге дейін баспаған тауы, қақпаған есігі қалмапты. Тіпті, еліміздің танымал жұлдыздарынан да көмек сұраған. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Қазан айында, отбасы Израильдегі ақ халаттыларға жауабын беруі қажет.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Новости партнеров