Алматыда тағы да дабыл қағылды. Бұл Алып шаһарда өткен кезекті сейсможаттығу дабылы болатын. Қаланың құтқару қызметтері жер сілкінісі болған күнде не істеу керектігін пысықтады. Бүгінгі жаттығуға 150-дей мекеме қатысты. Ал маңызды шараны қала әкімі Бауыржан Байбек өзі қадағалады.
Сценарий бойынша апат дабылын естіген студенттер оқу корпусынан жаппай сыртқа ұмтылды. Қауіпсіз аймаққа келгендер бірден қасындағы достарын түгендей бастады. Екі адамның ғимаратта қалып қойғаны анықталды. Оны топ басшысы қолындағы қызыл түсті белгімен көрсетті. Ал егер жасыл белгі болса, онда курстастар түгел дегенді білдіреді. Сонымен құтқарушылар зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін нысан ішіне қарай асықты. Белгілі болғандай, қос азамат та ауыр жарақат алыпты. Оларға бірден алғашқы көмек көрсетілді. Алматы әкімі төтенше жағдайда қорғанудың алғышарттарын жадыда сақтау керектігін айтты.
Колледжде басталған сейсможаттығу мектепте жалғасты. Мұнда Төтенше жағдайлар департаменті мамандары зілзала кезінде құтқаруға қажетті техниканы және жабдықтарды қала әкімі Бауыржан Байбекке көрсетті. Мұнда қажетті киім-кешек, ұзақ уақыт бұзылмай тұратын тағамдар, шатырлар мен жатын орындар бар. Айта кетейік, әр кез дайын тұруы тиіс шабаданның ішінде жіп, өртке қарсы қолбақ, жаңбырдан қорғайтын шекпен, қажетті дәрі-дәрмек, радио, шам, көмек шақыруға ысқырық, су болғаны абзал - дейді Қызыл Жарты ай қоғамының еріктілері.
«Дәрі қобдишасын әр адам өз қажеттілігіне қарай толтырады. Мезгілге байланысты киім-кешектер және міндетті түрде табаны биік аяқ-киім болғаны дұрыс. Өйткені, жер сілкінісінен кейін қирандылар арасында жүру жеңіл болады. Біздің сөмкеде фольгадан жасалған оранғыш бар. Ол қыста суықтан, жазда ыстықтан сақтайды», - деді Қазақстан Қызыл Жарты ай қоғамының үйлестірушісі Руслан ХРУЩЕВ.
Жасанды төтенше жағдайды ұйымдастырған қаланың құтқару қызметтері табиғи апаттың айтып келмейтіндігін, сондықтан зілзалаға барынша дайын болу керектігін жақсы біледі. Биыл осындай сейсможаттығулар қаланың басқа да аудандарында жалғасады. Әсіресе, халық көп шоғырланатын нысандарда жүргізілмек.
«Сейсможаттығуды ұйымдастырудағы мақсатымыз - құтқару қызметіндегі мамандардың дайындығын пысықтау. Оған қоса, халықты зілзала кезінде дұрыс әрекет етуге үйретуіміз керек. Мәселен, бүгін қаланың жолаушылар көлігі басқармасымен бірігіп, зілзала орын алған жерден адамдарды өзге облыстарға жеткізу үшін теміржол возкалдарына тасу әрекетін де өткіздік», - деді Алматы қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қалымбек АҚБҰЗАУОВ.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек халық төтенше жағдайлар кезінде нақты әрекет етіп, тиісті ережелерді ұмытып қалмау үшін жаңа ақпараттық жадынама дайындауды тапсырды. Оны барлық тұрғын үйлер мен жарнамалық құрылымдарға ілу жоспарланып отыр.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы