Шекараға жақын орналасқан жер телімдері жекеменшікке берілмейді

20.04.2018 00:37

Шекараға жақын орналасқан жер телімдері ендігәрі жекеменшікке берілмейді. Бүгін Сенатта өткен отырыс барысында депутаттар жер қатынастарын реттейтін заң жобасын мақұлдады. Бұл құжатты халық қалаулылары алдына Өмірзақ Шөкеев ұсынды. Өзгертілген жер қатынастары заңнамасына сәйкес, енді шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жер беруге тыйым салынады.

«Ауылшарушылығын жерлерін  беру жөнінде тізім жасалып, комиссияда қаралып, ашық жариялы түрде әр участокты қарау керек деп ойлайын. Бұл өте саяси тұрғыдан өте сезімтал мәселе, сондықтан осы заңның шеңберінде жұмыс жасау керек», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Сонымен қатар, сенаторлар отырыста шағын және орта бизнестің жұмысын реттейтін тағы бір маңызды құжатты қарастырды. Мәліметке сүйенсек, енді бизнеске жүргізілетін тікелей бақылау жойылады. Оның орнына профилактикалық қадағалау жүйесі енгізіледі. Ұлттық экономика министрінің пікірінше, бұл кәсіпкерлерге жасалатын қысымды төмендетіп,  жемқорлық әрекеттерді тиюға мүмкіндік береді.

«Заң жобасымен 14 кодекс және 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізіледі. Бизнесті қайта реттеу және оның шығындарын азайту, әкімшілік кедергілерін жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіп жатырған саясатты ескере отырып, заң жобасы мынадай бағыттар бойынша әзірленген», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Келелі жиында бұдан бөлек, Анатолий Смолиннің Елбасы шешімімен Жоғарғы соттың судьясы болып тағайындалғаны мәлім болды. Бұл ұсынысты депутаттар бір ауыздан қолдады. Айта кетейік, Анатолий Смолин сот жүйесінде 28 жылдан астам еңбек етіп келеді. 2015 жылдан бері Жоғары сот кеңесінің төрағасы қызметін атқарған болатын.