Шелек ауылында жолдың жоқтығы жұрттың шымбайына батып отыр. Ойқы-шойқы көшелермен жүруден қалған тұрғындар мектепке баратын оқушыларына да алаңдаулы. Жауын жауса, ондағы батпақ иіген қамырдай шыланып жатады екен. Жарықтың жоқтығы және бар. Базына айтып, бармаған жері қалмаған бұқара бұл іске журналистердің араласуын сұрады.
Шелек ауылының тұрғындары жаңа оқу жылында балаларын мектепке жіберуден бас тартып отыр. 300-дей оқушының биыл мектепке бармай қалуы әбден мүмкін. Өйткені, ауыл арасындағы жолдар мүлде жөндеу көрмеген екен. Балалар мектепке жеткенше бұрқыраған көкала шаңға қақалады екен. Ал қысты күні жолмен жүру тіпті мұң.
«Мектепте балаларды кіргізбейді екен, аяқтарына қарап. Балаларым бейшара жылап келеді үйге. Ал одан кейін мұғалімдер «неге сен балаларыңды мектепке жібермейсің?» деп хабарласады. Сол үшін жол жасалмай мен қыркүйекте балаларымды мектепке жібермеймін. Ренжімеңіздер», - деді ауыл тұрғыны Меруерт ӘБДІҚАДЫРОВА.
Ашынған жұрт бұл мәселені айтып, ауыл әкімдігіне талай барған. Тіпті, табанымыз күстеніп кетті, дейді. Шенділер болса, құжаттары құшақтарына сыймаған тұрғындарға құрғақ уәде беруден жалықпайды екен.
«Мына арыздар түгел өткерілген. Әкімшілік жағына, Есікке дейін барған, ауданымызға. Мынау біздің жолымыздың көктемгі батпақшылығы. Мұны әкімшілікке апарып өткізгенбіз. Бұны әкімшілшіктегілер де масқара баспақ екен деп қабылдап алған. Ал енді жыл басының 3-ші айының 2-сі күні қабылданып алынған. Қазір жауап жоқ», - деді ауыл тұрғыны Ертай САҚАН.
Қордаланған мәселені әні-міне шешеміз деген шенділер, тілшілерге әрең дегенде жауап берді. Сөздерінше, бұқара айтқан жол мәселесі биыл қаралып, келесі жылы толықтай жөнделмек. Ол үшін жергілікті қазынадан 15 млн теңге бөлінеді.
«15 көшеге деп аудандық автомобиль инспекциясына сұраныс берілді. Тұрғын үй шаруашылық коммуналдық бөліміне сұраныс берілген болатын. Ол кісілерден облысқа басқармаға сұраныс берілді. 15 млн 134 мың теңгеге осы 48 гектардың 15 көшесіне сметалық-жобалық құжаттамасына бөлінеді. Оның 5 млн-ы сессия отырысында қаралады аудандық маслихаттың. Ал қалған 10 млн 134 мыңы келесіде қаралып, сметалық құжаттамасы жасалып тәртіп бойынша, одан барып жұмыс жүргізіледі», - деді Шелек ауылдық округы әкімінің орынбасары Мәди БЕКТАСОВ.
Бұл ауылдағы жалғыз проблема емес. Тұрғындардың жарықсыз отырғанына да 3 жылдан астыпты. Олардың айтуынша, әу-баста 2 көшеге тартылған жарық желісінен тұрғындар әлі күнге жарық жалғап келеді екен.
«Жолы былай тұрсын, жарығы тартылды. Биыл күзде 3 жыл болады. Бірақ үйлерге жалғанбай отыр. Себебін білмейміз. Ал мына біздер, заңды түрде жалғана алмаймыз ГЭС-ке. Өйткені 1 подстансаға 30 үй болып кеткен. Көршілерімізден алып отырмыз жарықты», - деді ауыл тұрғыны Темірлан ТОҚТАБЕКОВ.
«Жарықсыз үш жыл болды отырғанымызға. Үйіміз ана жерде тұр. Барып көріңіздер. Шаммен отырмыз. Жарықты тартып береміз дегеніне міне, 3 ай болды. Үйімізде жарық жоқ. Суды өзіміз тарттық. Әкімнің орынбасары «әне болады, міне болады» деп, 3 күн болды әлі келмеді», - деді ауыл тұрғыны Арзыгүл ШАЛДАН.
Ал жарық мәселесі жақын уақытта шешіледі деп сендірді ауыл әкімінің орынбасары. Бұрындары жер астымен тартылған жарық сымдары енді жердің үстімен 300 метрге дейін жүргізілетін болады.
«125 млн-ға «ЛМ» компаниясы жарықты тартып өткен. Бірақ ең негізгі тоқтың кетені 70 метр жеріндегі кабель қайта-қайта күйіп кеткен. Енді бұл жердің жарық мәселесін жер астымен емес, тоқтың сымын жердің үстімен жүргізу қарастырылып отыр», - деді Шелек ауылдық округы әкімінің орынбасары Мәди БЕКТАСОВ.
Шелек ауылындағы халықтың сұранысы осылайша келер жылы шешілетін болды. Құзырлы орындар түйіні шешілмей отырған мәселелердің бәрін мұқият қадағалауға аламыз деп уәде етіп отыр.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы