Астана мектептері ата-аналар туралы мағлұмат жинауды бастады

Астана мектептері ата-аналар туралы мағлұмат жинауды бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада ата-аналар өздері туралы мағлұмат жинауға қарсы. Олардың айтуынша, мектептерде оқушылардан бөлек, ата-аналары туралы да мәлімет жинап жатқан көрінеді. Тіпті жеке сәйкестендіру нөмірін де сұратыпты. Ал қалалық білім басқармасы мұны құжаттардың электронды түрге ауысуымен байланыстырып отыр.

Астанадағы ата-аналардың мазасын қашырған мәселе - мектептерде олар туралы ақпараттың сұралуы. Аты-жөні, тегінен бөлек, жеке сәйкестендіру нөмірін сұрағаннан кейін, өздері туралы мәліметтің құпиялылығына кім кепіл береді деп отыр. Сондай ата-ананың бірі - Айнұр Коскина. Оның қызы елордадағы мектептердің бірінде оқиды. Отбасы туралы мәлімет жинауды ұсынғанда, ол бірден бас тартыпты.

«Бізге ешқандай түсіндірме жұмыстарын жүргізген жоқ. Оқушының, оның ата-анасы туралы мәліметтер не үшін қажет? Ең қызығы бізден жеке сәйкестендіру нөмірімізді сұрады. Онда біз жайлы барлық мағлұматтар бар емес пе?! Түсініспеушілік тудырған осы мәселе», - деді қала тұрғыны Айнұр КОСКИНА.

Ал мектептерде барлығы ата-ананың еркіне берілген дегенді алға тартып отыр. Айнұрдың қызы оқитын оқу ордасына барған едік, мектеп әкімшілігі жоғарыдан түскен бұйрықты орындаймыз және соңғы сөз ата-анада дейді.

«Егер ата-ана мектепке келетін уақытым жоқ, электрондық журналдан көргім келеді десе, баласының бағасын енгізіңіздер. Ал егер «жоқ, мен қарсымын, өзім туралы ақпарат беруге» десе, бұрынғы сынып журналы бар. Ол мемлекеттік құжат. Неше жыл бойы мектептің архивінде сақтаулы тұрады. Міне сол журналдан көруге болады дедік. Басқа біз ата-аналарды ешқандай мәжбүрлік еткен жоқпыз. Барлық жұмыстар ата-ананың келісімімен», - деді дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлнәзия БАЙУЛОВА.

Елорданың білім басқармасы мағлұматтардың құпиялылығына кепілдік беріп отыр. Барлық құжаттардың электронды түрге өтуіне байланысты бастапты бұл істі. Жеке мәліметтер де сол үшін қажет екен.

«Мектептер 18 құжат түрімен жұмыс жасайды. Сол құжаттардың кейбірін толтырғанда оқушының және ата-анасының жеке мәліметтері қажет болады. Ол мәліметтерге: аты-жөні, туған күні, жынысы, денсаулығы туралы мағлұматтар, мекен-жайы, ата-анасының жұмыс орны, телефон нөмірі қажет болуы мүмкін. Олар туралы мағлұмат құпиялылығы заңмен қорғалады», - деді Білім басқармасының жетекші маманы Қанат БАЙСАЛБАЕВ.

Білім министрлігінде бұл мәселемен айналысуға әзірге уақыт болмайтын секілді. Өйткені білім ошақтарында емтихан басталса, маусым айында ұлттық бірыңғай тест өтеді. Қазір барлығының назары сонда ауып отырса керек.

Азамат Әуезхан, Айтжан Отызбаев, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров