Жамбыл облысы «Сарышаған-Шу» маңында болған пойыз апаты аумағында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Астана-Алматы бағыты бойынша қозғалған № 9 «Бәйтерек» пойызының жолдан шыққан 8 вагонының қалған үшеуі тиеліп сараптамаға жеткізілді. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстан темір жол жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек Жапаров мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін отандық және ресейлік мамандар тартылған. Апаттан зардап шеккендерге өтемақы төленетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің отбасына 2 млн 405 мың теңге, түрлі деңгейде жарақат алған жолаушыларға 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек жасалады.
«Алматы бойынша 9 адам. Осында тұратын кісілер біз сол кісілерге кешеден бері барып, соңғы бір кісі қалды жеке куәлігінің нөмірі жоқ екен. Сол кісіні қазір тауып, содан кейін бізге Алматыға ақша аударылады. Сол ақшаларын біз жеткізіп береміз әр қайсысына»,-деді «ҚТЖ-жүк тасымалы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек ЖАПАРОВ.
Еске сала кетейік, маусымның 17 күні Жамбыл облысы, «Сарышаған-Шу» аумағында Астана-Алматы бағыты бойынша қозғалған № 9 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны жолдан шығып, 23 адам зардап шеккен болатын. 2006 жылы туылған 12 жастағы жеткіншек қаза тауып, 3 адам жарақат алды. Атап өтерлігі, Алматы темір жол аумағында вагондардың жолдан шығуы бойынша тіркелген екінші жағдай. Жалпы соңғы бес айда 19 апатты жағдай болыпты. Оның ішінде апаттық өшу, дабылдың жабылуы сынды техникалық және технологиялық ереженің бұзылуы бар.
«Бізде айына екі рет арнаулы техника бар сол өтіп отырады Темір жолдан сол тек адам қарамайды оны. Техника өлшейді. Өзінің әр түрлі жоспарлары бар сол бойынша өтіп шыққаннан кейін сол сараптама жасалып сол жердің темір жолымыздың қаншалықты қауіпсіз екендігін айтады. Егер де бір ақаулар бар болса, ол жерге жол жүрудің жылдамыдығын төмендетеді. Егер де бәрі дұрыс болса, сол берілген жылдамдық бойынша жүреді пойыздар»,-деді «ҚТЖ-жүк тасымалы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек ЖАПАРОВ.
Биыл 800 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өткізілмек. Ал Алматы бөлімшесі бойынша 85 шақырым жол қалпына келітіріледі. Қаладағы Алматы-1, Алматы-2 вокзалдары жаңартылады. Оны жаңғыртуға 200 миллиард теңге қарастырылған.
Перизат Көмекбайқызы, Алматы телеарнасы.