Шымбұлақта сырғанау маусымы ашылды

Шымбұлақта сырғанау маусымы ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымбұлақта сырғанау маусымы ашылды. Тау-шаңғы курортына келетіндер саны да көбеймек. Биыл келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға, яғни 500 мыңнан асады деп күтілуде. Бұған 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада ойындары да сеп болмақ. Ал, қызмет көрсету сапасы мен баға саясаты қалай болады?

Юрий Дайнеко Алматыда, оның ішінде Шымбұлақта осыдан 25 жыл бұрын болған екен. Регби ойыны бойынша ардагер спортшы қазір Ресейдегі регби федерациясының вице-президенті. Одақ кезіндегі Шымбұлақ пен қазіргі кейпі жер мен көктей дейді ол.

«Мен Шымбұлақ спорт кешенінде осыдан 25 жыл бұрын болғанмын. Қазіргі кейпін көріп таң қалып тұрмын. Барлығы өзгеріп кетіпті. Барлығы қазіргі талаптарға сай етіп жасалған. Бұрын кеңестік уақытта спорттық шараларға қатысу үшін жиі келетінбіз. Маған қатты ұнады. Келесі жылы тағы келуді жоспарлап отырмын», - деді Регби Федерациясының вице-президенті Юрий ДАЙНЕКО (Ресей).

2015 жылы тау-шаңғы курортына келгендер саны 460 мыңнан асып жығылған. Жауаптылардың айтуынша, бұл көрсеткіш биыл 15 пайызға артуы мүмкін. Келушілердің көпшілігін шетелдік қонақтар құрайды екен.

Шымбұлақ әкімшілігі баға саясатына байланысты түсінік берді. Өткен жылы бір адамға арналған билет құны 5500 теңге болса, биыл 6500 теңгені құрап отыр. Ал, жеңілдіктер сол қалпы сақталған. Жауаптылар бағаның 1000 теңгеге көтерілуін аспалы жолға жөндеу жұмыстарының жасалуымен байланыстырды.

«Біз баға саясатын мейлінше бұрынғыша қалдыруға тырыстық. Тіпті кей жеңілдіктер өткен жылғы бағадан арзан. Оның үстіне аспалы жолға жасалып жатқан жөндеу жұмыстары мен теңгенің еуроға шаққандағы бағамы баға саясатына әсер етеді. Біздің мекеме австриялық компания жасаған аспалы жол құрылымын пайдаланады. Техникалық регламентке сәйкес, бөлшектері мен кей құрылымдарын осы елден аламыз. Ол әрине еуро бағамымен», - деді «Шымбұлақ» ТК маркетинг департаментінің жетекшісі Владислав СЕМЕНОВ.

ТМД елдері курорттарының ішінде «Шымбұлақ» ең ұзын аспалы жолы бар спорт кешені ретінде танылған. Сол себепті оны пайдалану шығындары да аз болмайды дейді жауаптылар. Бұдан бөлек, тау-шаңғы кешені түнгі сырғанау маусымын ашты. Мұндағы бағаларда жастардың көңілінен шыққан секілді.

Осы жолы алматылықтар мен қала қонақтарын көптеген тосын сый күтіп тұр. Олардың бірі ретінде осы тау-шаңғы курортында орын тебетін қар қалашығын айтсақ болады. Сонымен қатар, олар қысқы Универсиада аясында өтетін сайыстардың куәгері де бола алады.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров