Шымкентте адамдарға қауіпті ескі мұнара бұзылатын болды

Шымкентте адамдарға қауіпті ескі мұнара бұзылатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғындардың шағымынан соң Шымкенттегі бұрынғы қорғасын зауытына тиесілі алып мұнара мен аспалы көпір бұзылатын болды. Бұл туралы қала әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының шұғыл отырысынан соң, көпір мен мұнара ресми түрде апатты деп танылған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жергілікті билік өкілдері жауапкершілікті өз мойнына алып, тиісті қаражатты резервтік қордан бөлмек.

«Жалпы тұрғындардың өтінішінен кейін, бұрынғы қорғасын зауытының аумағында қауіпті нысандарға тексеріс жүргізілді. Ол тексеру жұмыстары ТЖ, прокуратура, жергілікті полиция және банк қызметкерлерімен жүргізілді. Және тексеру қорытындысы бойынша сол аумақта орналасқан құбыр және көпір бұзылу керек деген шешім қабылданды»,-деді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әйгерім ЖҰМАҒҰЛОВА.

Естеріңізге салайық, бұған дейін жаңалықтарымызда Шымкенттегі қорғасын зауытына тиесілі алып мұнараның құлауға шақ қалғаны туралы айтқан болатынбыз. Қараусыз қалған мұнараның қалың арматурасын алу үшін бәзбіреулер арнайы техниканың көмегімен оның бір жақ астын ойып тастаған. Салдарынан мұнара қисайып, айналасына қауіп төндіріп тұр. Мамандар биіктігі - 210 метр, салмағы шамамен 500 мың тоннадай болатын құбыр құласа, күші 2-3 балдық жер сілкінгендей болады деп ескерткен еді. Қазір бұл маңға қауіпсіздік үшін арнайы күзет қойылыпты.


Новости партнеров