«Баспана» АҚ төрағасы Қайрат Алтынбеков жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы құрылыс аймақтарын аралады, деп хабарлайды Otyrar.kz.
«Шымкент ситидегі» құрылыс жұмыстарымен танысып, жеке құрылыс компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. «7-20-25» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан үйлердің жұмыс барысымен танысты.
Айта кетсек, Шымкентте дәл осы бағдарлама арқылы үйлі боламын деушілердің қатары сирек. Себебін зерделеуге келген төраға әкімдікпен меморандум жасасты.
Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 36 мыңнан астам азамат бар. Алайда наурыз айында қабылданған «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болуға сұраныс бергендердің қатары сирек. Бар болғаны 21 адамның өтініші мақұлданған. Үшінші мегаполис тұрғындарының баспаналы болуға асықпайтынына не себеп? Бұл сауалға мамандар жауап іздеп сабылды.
«Баспана» ипотекалық компаниясы төрағасының Шымкент шаһарына жасаған сапары нәтижелі болатын секілді. Бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен меморандумға қол қойылды. Енді төлем қабілеті мақұлданған азаматтар 1 млн теңге пайызсыз несие ала алады. Оны әкімдіктің өзі беретін болып шешілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 175 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй сатып алуға ниет білдіргендердің 411-і жыл соңына дейін баспаналы болады.