|
19.05.2018 | 10:20
7638

Шымкентте ескі қорғасын зауытының алып құбыры қирағалы тұр

Шымкентте ескі қорғасын зауытының алып құбыры қирағалы тұр

Шымкентте кеңестік кезеңнен қалған алып мұнара құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ескі зауыттың аумағында орналасқан нысанды мамандардың жермен жексен етуге шамалары жетпей отыр. Өйткені, мұнара банктің балансында тұрған көрінеді. Мұны пайдаланған кейбір түсті металл сынықтарын жинаушы топ оны түбінен қопарып жатыр. Ал алып мұнара жерге құлайтын болса, айналасындағы тұрғын үйлер мен темір жолға кесірін тигізуі әбден мүмкін - дейді тұрғындар.

Бүгінде Шымкент қорғасын зауыты маңында түсті металл сынықтарын жинайтындар көбейген. Олар әр жерді қазып, қорғасын мен темір қалдықтарын іздейді.  Тапқандарын арнайы металл қабылдайтын орындарға өткізеді. Енді олар өткен ғасырдың 30-жылдары салынған алып мұнараға көз тіккен. Биіктігі 70 қабаттық тұрғын үймен пара-пар болатын нысанды түбінен тесіп тастаған. Мұнараның ортасы қалың сым темірмен бекітілгенін білгендер, қалың арматураны арнайы техниканың көмегімен кесіп алып жатыр. Салдарынан мұнара бір жағына қарай қисайа бастаған.

Мұнара мәселе бойынша күні кеше қала әкімдігінде шұғыл жиын өткен. Онда нысанға төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Бірақ бұзу мүмкін болмай тұр. Өйткені зауыт қожайыны территория мен ондағы ескі нысандарды банкке кепілдікке қойып жіберіпті. Дегенмен, қаржы ұйымы алып нысанды бұзуға қарсылық танытпады. Алайда, мәселе оның шығынын төлеуде болып тұр. Төтенше жағдай қызметі мұржаны бұзу шығынын тәуелсіз сарапшылар есептегінін айтады. Енді жақын арада тараптар ортақ келісімге келмекші.

«Бүгін-ертең «Қазақстан теміржолы» ҰК»АҚ хат жолдап, тиісті құжаттар жолдап,бізді алаңдатып отырған бірінші мәселе - теміржолдың үстінен өтетін көпірді бұзу. Ары қарай, аулада орналасқан мұржаны бұзу мәселесі қарастырылады», - деді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мадияр ЖАҚСЫБАЕВ.

Темір-терсек жинаушылар мұнарадан қаншалықты қауіп төніп тұрғанын түсінер емес. Ал жергілікті әкімдік тәулік бойына полиция қызметін күзетке қоюдан басқа амал болмай тұр.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир