Шымкентте балмұздақ жеп, уланғандардың жағдайымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев танысып, жедел штаб отырысын өткізді. Өңір басшысының тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталған. Орын алған жағдайға байланысты Жансейіт Түймебаев облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің жұмысын сынға алып, қоғамдық орындарда санитарлық нормалардың қатаң сақталуын тапсырды.
«Ертең тағы басқа балмұздақ сататын жер, кафеден уланса не істейміз?! Уланғанға дейін күтіп отырамыз ба?!», - деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ.
Есте болса, Шымкенттегі «Южный» сауда нүктесінен балмұздақ алып, ішек инфекциясын жұқтырғандар 29-30 наурызда қалалық аурухана түскен. Қазір науқастардың отыз сегізі үйлеріне жіберілсе, қалғандарына тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр. Аталған оқиғаға байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.