Түркістан облысында жолаушылар автобусы жол апатына түсіп, 10 адам зардап шекті, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik.
Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше 17:30 кезінде Алматы – Ташкент – Термез тас жолында Шымкенттен Сарыағашқа бет алған автобус жүк көлігінің артқы жағына соғылған. Салдарынан Өзбекстан азаматы оқиға орнында қаза болды.
Зардап шеккен 10 адам Қазығұрт және Сарыағаш аудандық ауруханаларына жеткізілген. Олар — автобустың жүргізушісі мен жолаушылары, үшеуі Қазақстан азаматы, ал жетеуі Өзбекстан азаматы.
Аталған жайт қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен тіркелді. Бірқатар сараптама тағайындалған.
Автокөліктер айып тұрағына қойылды. Полицейлер жол апатының себептерін анықтап жатыр.