Тұрғын үйге қатысты тиімді мемлекетік бағдарлама екінші деңгейлі банктердің бәсекелестігін арттырады. Төмен пайызбен ипотекаға үй беру саясаты жүзеге асқаннан соң, баспанаға сұраныстың азаюына әкеледі. Нәтижесінде, мердігер компания жылжымайтын мүліктің құнын түсіруге, ал банктер пайыздық үстемені азайтуларына тура келеді. Экономикалық сарапшылар осылай дейді. Әріптесім Әйкерім Ердәулетқызы бүгінгі баспана нарығын зерттеп көрді. Әйгерім биыл баспанасыз жүрген елдің саны едәуір қысқарады деген болжамға қаншалықты сенуге болады?
-Иә, Тоғжан! Биыл әркімнің бас қатырар баспана мәселесі біршама шешілмек. Әуелі, жүзеге асқалы отырған «7-20»25» жаңа бағдарламасын жұрт тағатсыздана күтіп отыр. Қазір пысықталып жатқан жоба мамыр айында дайын болады. Бастысы бұқараға қолжетімді болады деп сендіруде Ұлттық банк өкілдері.
«Егер кредит көлемі 20 миллион теңгені құраса, бұл соммаға үлкен қаладан баспана алуға болады. Борышкердің ай сайынғы төлемі -140 мың теңгені құрайды. Ал егерде аймақтан 7 миллион теңгеге ипотекаға үй алса, онда айына төлем 50 мың теңге болмақ. Жалпы бұл бағдарламаның оңтайлы тұсы көп», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег СМОЛЯКОВ.
Осы жылы доллармен ипотекаға үй алып, көк қағаз құны көтерілген сайын қалталары жұқарған жұртқа да шарапаты тимек. Бұл бастаманы да Елбасының өзі тікелей тапсырған еді. Яғни, елімізде шетел валютасымен ипотекалық несие алған азаматтардың мәселесі оң шешім таппақ. Бұл тек 2016 жылға дейін банктен берешек алғандарға қатысты. Енді барлық борышкерлерге мойынындағы қарызын екі есе азырақ төлеуге мүмкіндік беріліп отыр.
«Енгізілген өзгертулердің шеңберінде барлық шетел валютасында алған қарыздарды қайта қаржыландыру жылдық 12 пайызбен жүзеге асыралатын болады. Ал әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар үшін жылдық 3 пайыз бойынша қайта қаржыландыратын болады. Және де айтып өткендей 2015 жылдың 18 тамыздағы Ұлттық банктің ресми бағамы -188 теңге 35 тиын бағамы бойынша жүзеге асырылатын болады», - деді ҚР Ұлттық банкінің бөлім басшысы Мениса ХУСНУТДИНОВА.
Биыл тағы да төмен пайызбен баспана алу мүмкіндігі Алматы жастарына беріліп отыр. Былтыр бастау алған жоба аясында 100 адам үй алса, осы жылы жергілікті биліктің бөлген 2 миллиард теңгесінің арқасында тағы 200 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ал үй кезегінде тұрғандардың тізімі 8 мың орынға жылжыпты. Алты мыңға жуық отбасы бспаналы болып үлгерсе, қалған екі мыңы тізімнен шығарылған. Олар басқа өңірге көшкендер, бюджеттік мекемеден жекеге ауысқандар және өз қаражаттарына баспана алғандар. Әйтсе де, үкіметтен үй сұрап, жалған мүләйімсірейтіндер де бар екендігі анықталды.
«64 жалға алушылар баспананы алғаннан соң, жеке қаражатына басқа үй сатып алғандарды анықтадық. Осыдан соң, олар әлеуметтік аз қамтылған азаматтар тобына жатқызылмайды, әрине. Сол себепті үйді босатулары тиіс. 29 пәтер бүгінде шын мұқтаж отбасыларға үлестірілді. 35 пәтерді босату бойынша сотқа арыз жолдадық», - деді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.
Ескеретін жәйт, егер азамат «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспана алам десе, онда тек дайын салынған жаңа үйден ғана алуына рұқсат етіледі. 5 жыл жеке тұлғаның атында жылжымайтын мүлкі болмау ескеріледі. Ипотекалық несиені тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен алса, онда баспана құнының 30 пайыз жарнасын жинауы тиіс. Әйтсе де, жаңа «7-20-25» бағдарламасында алғашқы жарна 20 пайыздан аспауы керек деген Елбасының сөзінен кейін, бұл банкте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаның көлемін түсіруді ойластырып отыр.
«2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, ҚР бойынша 4 жарым мың пәтерлер іске асырылды. Үстіміздегі жылы 2018 жылы 16 мың пәтер салынады деп жоспарланып отыр. «7-20-25» бағдарламасын «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» қолдайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны 30 пайыздан 20 пайызға төмендету жұмыстары қазір банкте қарастырылып жатыр», - деді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» ақ бизнесті дамыту басқармасының басшысы Мақсат ТҰРҒАНБЕК.
Баспананың жайлығы мен орналасқан мекен-жайына байланысты оның құнына сай сапасы да сан түрлі. Елімізде төрт түрлі санатқа жататын көп қабатты тұрғын үй бар. Ол-элит, бизнес, комфорт және эконом клас. Соңғы екеуі- мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асыралыды. Сонымен ең қолайлы саналатын элит класстағы үйлердің бір шаршы метрі орташа есеппен -500 мың теңге, бизнес класс шамамен-300, комфорт - 230 мың теңгенің көлемінде, ал эконом болса -50 мың теңгеден төмен. Енді есептеп көрелік, 3 классқа жататын 80 шаршы метрлік пәтерді алсақ, құны 24 миллион теңге болады екен. Енді оны 16 пайызбен екінші деңгейлі банк арқылы алса, бағасының аспандап шыға келетіні түсінікті. Сондықтан қарашаның көбі мемлекеттік бағдарламадан баспана алып қалуға тырысады. Ал мына қара сылақпен тұрған бизнес кластағы баспананың құны күн сайын өзгеріп отырады. Өйткені, қаржылық қысылтаяң кезеңде, екінші деңгейлі банктен доллармен берешек алған компания, күнделікті көк қағаз құнының құбылуын бақылап отыруға мәжбүр.
«Біздің компания тұрғын үйдің әр шаршы метрін күн сайын доллармен есептеуіне тура келеді. Клиенттеріміз екінші деңгейлі банк арқылы ипотекаға баспана ала алады. Ал пайызсыз 1 жарым жылға бөліп төлеуге де мүмкіндік береміз. Бүгінде бизнес класқа жататын пәтердің бір шаршы метр құны 385 мың теңгенің төңірегінде», - деді Тұрғын үй кешені бизнесті дамыту бөлімінің директоры Виктор КАМИНСКИЙ.
Ал бүгінде екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекаға үй алу 16 пайызды құрайды. Енді жаңа «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асқаннан кейін, банктердің өзара бәсекелестігі басталады дейді экономист Нұрлан Жазылбеков. Дұрысы, шетелдіктердің озық тәжиірбесін қаржы институттары қажетінше тиімді пайдаланса жөн екенін тілге тиек етті. Ал жасырын пайызды тықпалайтын банктердің бұл әрекеті тіпті ақылға қонымсыз екенін де қынжыла айтты.
«Бүгінде 16 пайыз. Қосымша тағы пайыздары бар. Айналып келгенде, 21-22 пайызға көтеріледі. Ипотекаға 7 пайызбен алғаннан кейін сұраныс та азаяды ғой. Бүгіннің өзінде көп құрылыс компаниялары салған үйлерін ерекше бағдарламамен беріп жатыр. Жері кішкентай ғана Испанияда ипотеканы 6 пайызбен алады. Сол механизмдар баяғыдан істеп жатыр ғой», - деді экономист Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.
Отандастарымыздың 40 пайызы баспанамен қамтылады. Үйсіз жүрген жандарды жарылқау үшін мемлекет қазынасынан 24 млрд теңге бөлінбек. Бұл - «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа қонысқа ие болғылары келетіндерге үлкен мүмкіндік. Елбасы ұсынған «7-20-25» ипотекалық жобасын қолдау үшін республикалық бюджеттен триллион теңге қарастырылған. Президент өзінің соңғы жолдауында халықты тұрғын үймен қаматамасыз ету көрсеткіштерін Біріккен ұлттар ұйымының талаптарына сәйкестендіру керектігін айтқан еді. Әлемдік стандарт бойынша бір адамға 30 шаршы метрден тиесілі болуы шарт. Енді мердігер мекемелердің де осыны ескеруіне тура келетін күн алыс емес.
-Рахмет. Құрметті көрермен баспана нарығын зерттеген әріптесім Әйгерім Ердаулетлетқызы болатын.