Алматыда газбен жүретін италияндық автобустар тесттен өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар енді «Iveko» автобусымен қатынайды. Жаңа қоғамдық көлік жақын күндері №12 бағытта жолға шығатын болды. Әзірге қалада тек эко- автобустың бір ғана данасы бар. Өндіруші оның өзін 3 айға тестілік режимде сынап көрмек. Осы уақыт аралығында көптің көңілінен шықса, мұндай автобустың санын көбейту көзделген. Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Марат Дәрібаев жаңа автобустың сапасын байқап көрді.

Евро-6  стандартына сай келетін, Италияда негізі қаланған «Iveko» брендінің автобусы енді бірер күнде жолға шығады. Экологиялық таза отын - газбен жүретін қоғамдық көлік қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Төмен еденді, желдеткіш, жылытқыш, бейнебақылау камерасымен жабдықталған автобус барлық жолаушылар үшін ыңғайлы етіп жасалған. Мүгедектерге пандус, ал зағип жандарға да дыбыстық жүйе қарастырылыпты. Өндірушілер Қостанайдағы зауытта құрастырылатын автобустарды ұтымды баға мен шартты жағдайлармен ұсынуға әзір. Ал қалалық әкімдік қоғамдық көлікті бағасына сапасы сай екенін қадағаламақ.

«Біз «Сарыарқа Автопром» компаниясы әріптестеріміз «Iveko»-мен бірге 4 жылдан бері Қостанайда автобус шығарып жүрміз. Өте тиімді қоғамдық көлік түрі саналатын ол өзінен улы газдар бөлмейді. Ұзындығы 12 метр болатын автобусты енді қала көшелерінде сынақтан өткіземіз. Ұнап жатса, санын көбейту жоспарда бар. Автобустың бағасы жинақтауға тікелей байланысты», - деді «Сарыарқа Автопром» ЖШС автобус бизнесі жөніндегі басқарушы директоры Орудж НАЗАРОВ.

Әлемдік нарықта өздерін тек жақсы қырынан көрсеткен автобустардың Алматыда 3 ай көлемінде жүрісі, ыңғайлылы мен тиімділігі жіті тексеріледі. Бұл қоғамдық көліктің дизельмен жүретін түрі Астана, Ақмола облысы мен Қызылорда көшелерінде жүр. Былтырдың өзінде елордада «Iveko»  маркалы 700-ге жуық автобус сатып алынған. Қоғамдық көлікті құрастырушылар техникалық жағынан 6 жыл кепілдек береміз деп отыр. 

«Сынақтан өтетін бұл автобуста қыста тестілік режимге жіберілген Mercedes секілді Медеу мұз айдынына дейін қатынайтын болады. Бұл бекер емес. Өйткені, бұл бағыттағы қоғамдық көлік жолаушыларды тауға дейін апарады. Жоғарыға көтерілетіндіктен, жолы қиын деп саналады. Автобустың жайлылығы мен төзімділігін сынау үшін осындай талаптардан өтуі керек. Ал осыған дейін қатынап жүрген Mercedes-ке жолаушылар тарапынан әлі күнге дейін шағым түспеді», - деді «АлматыЭлектротранс» ЖШС директоры  Ризван ЦИНАЕВ.

Айта кетейін, №12 бағыттағы газбен жүретін «Mercedes-Benz» маркалы автобусыда сыналып жатыр. Ақпан айының ортасында жолға шыққан қоғамдық көлік көптің көңілінен шығып үлгерген. 


Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров