Бүгін Алматыда Райымбек даңғылы мен Күдерин көшесінің қиылысында жол апаты орын алды. Тротуарға шығып кеткен жеңіл көлік үш адамды қағып, біреуін мерт қылды. Ал қалған екеуі ауруханаға жеткізілді.
Жантүршігерлік жол апаты Райымбек-Күдерин көшелерінің қиылысында орын алған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жол апатынан қаза тапқан адамның денесін әлі алып кетпеген. Қазір мұнда тәртіп сақшылары тиісті амалдарды орындауда. Олардың айтуынша, Mercedes-Benz маркалы көлігінің тізгіншісі рөлді басқара алмай, үш жүргіншіні қағып кеткен.
Жүргіншілер жолына шығып кеткен автокөлік оларды жаншып өтіпті. Екі адам аурухана жеткізілсе, үшінші егде тартқан адам сол мезетте көз жұмды. Зардап шеккендердің бірі облыстық ауруханаға жеткізілсе, екіншісі қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына түскен. Ол қазір жан сақтау бөлімінде.
«Осы жерде машина қатты келді. Жаяу жүргіншілер жолынан шығып кетті. Мына жерде бір баланы ұрды, бала былай қарай кашып үлгерді, жиырмадан аскан жігіт. Әйелді тура мына жерде ұрды, ана жакка ұшырды, жатыр ғой анау. Өлген кісіні шамамен осы жерде ұрды. Іліп алып кетті осы кісіні. Тротуардың үтінде, жаяу жүргіншілер жолында», - деді Қайнар ИСМАЙЫЛОВ.
Жол апатына себеп болған көлік Күдерин көшесі бойымен солтүстік бағытта қозғалып келген. Алдын ала болжам бойынша, тізгінші көлігін басқара алмай қалыпты. Адамдарды қағып, дүңгіршекке соғылып бір-ақ тоқтаған.
Тағы бір апат Алматы-Қапшағай тас жолының 34 шақырымында орын алды. Алматыға бағыт алған цемент таситын камаз тоқтап тұрған жүк көлігіне соққан. Нәтижесінде соққан көлік тізгіншісі оқиға орнында қаза тапты. Екінші жүргізушінің халі қазір ауыр жағдайда.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы