Алматыда көліктерін эвакуатор тиеп әкеткендерге SMS-хабарлама жолдануы мүмкін

28.03.2018 15:49

Алматыда көліктерін эвакуатор тиеп әкеткен жүргізушілерге SMS-хабарлама жолдануы мүмкін. Ескертпеде темір тұлпардың қай орынға жеткізілгені және жол ережесін бұзғаны үшін қандай көлемде айыппұл төлейтіні жазылмақ. Қоғамдық кеңестік кезекті отырысы кезінде осы мәселе кеңінен талқыланды. ¤

Алматының тас жолында көліктерін кез келген жерге қаңтарып, қозғалысқа кедергі келтіретін жүргізушілердің саны күн санап артып барады. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары тұрақ ережесін бұзған 6 жарым мыңға жуық адамды анықтап, көліктерін эвакуациялаған. Оларға 65 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, тең жартысын өндіріп үлгеріпті. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері полицейлер қаңтарылған машиналарды айып тұрағына жеткізбес бұрын, иесіне ескертсе деп ұсыныс білдіруде.

«Біз порталдар жолдағы көліктерді алғанда, иесіне SMS арқылы хабарлама жіберсе екен деп ұсыныс білдірдік. Өйткені, жүргізуші далаға шыққанда машинасын қайда алып кеткенінін, қайда бару қажет екенін білмейді. Сондықтан хабарлама берілсе, ыңғайлы болар еді. Онда мекен-жай мен тіпті, көлікке салынған айыптың сомасы да көрсетілгені дұрыс», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Сергей ПОНОМАРЕВ.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл ұсынысын мұқият тыңдаған Ішкі істер департаментінің басшысы мұндай жаңашылдық енгізуге мүмкіндіктерінің барын жеткізді.

«Журда қызметкерлерімізге айыппұл толтыруға арналған қосымша 700 планшет сатып аламыз. Оның ішіндегі техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жүргізушілерге SMS -хабарлама жіберу жағын қарастырамыз. Бірінші жарты жылдықтың ішінде мұндай қызметті іске қосамыз деп ойлаймын», - деді Алматы қаласы ІІД басшысы Серік КҮДЕБАЕВ.

Бұдан бөлек, алдағы күндері мектептердегі инспекторлардың да жұмысы қатаң сынға алынады. Қоғамдық кеңес мүшелері, олардың жұмыс кезінде төбе көрсетпейтінін қадап айтты. Сондықтан жуырда инспекторлардың кеудесіне GPS жетон орнату көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етушілердің шынайы еңбегін бақылауға мүмкіндік береді. Жалпы, өткен жылы Алматы қаласының полиция қызметіне 24 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Дегенмен, кеңес мүшелері қарапайым сақшының жалақысы аздығын айтып, оларды да бюджеттен қаржыландыру мәселесін алға тартты.

«Күрделі мәселелердің бірі -  ол республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттің айырмашылығы полицейлердің ортасында алауыздық туғызып отыр. Неге десеңіз, мысалы, республикалық бюджетке жататын полицейлер квартира жалдауға ақша алады, ал жергіліктегілер ала алмайды. Енді жалақысын қараған кезде, 1 жыл жұмыс істеген полиция қызметкеріның алатын айлығы 80-90 мың. Ол қазір Алматы қаласында өте аз», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәкімжан БІШМАНОВ.

Бүгінгі жиында қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше ұсынын жеткізді. Қатарында 102 қызметінің жұмысын жеделдетіп, қаладағы қылмыстың ашылуына қол ұшын созып, полицейлерге жедел хабар тарататындарға жағдай жасау да бар. Оларға берілетін төлемақы мөлшерін көбейтуді ұсынды. Кеңес мүшелері ақылдаса келе, барлық ұсыныстарын Ішкі істер министрлігіне жолдауды ұйғарды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы