|
29.03.2018 | 10:46
2850

Алматыда қоғамдық кеңес құты қашқан қос автобекетті сынға алды

Алматыда қоғамдық кеңес құты қашқан қос автобекетті сынға алды

Қоғамдық кеңес мүшелері Алматыдағы қос автобекетті қатаң сынға алды. Аты дардай «Саяхат» пен халықаралық саналатын «Сайранның» қазіргі күйі тым  мүшкіл, дейді белсенділер. Онда қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелері мүлдем  сақталмаған екен. Тексерушілер оқыста опат бола қалса, қашып құтылатын сызбаның атымен жоқтығын айтып, дабыл қақты. Оның үстіне, санитарлық талаптың сақталмауынан  жолаушылардың астан улану деректері көбейген.

Автобекетті тосыннан тексерген белсенділер ондағы жағдайды көріп, жағаларын ұстапты. Халықаралық деген білдей статусы бар «Сайран» қанша жылдан бері жөндеу көрмей, әдбен ескірген екен. Сорақысы сол, онда қарапайым өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Гидранттардың мерзімі өткені былай тұрсын, ішінде жалынды ауыздықтайтын бір тамшы да су болмай шыққан. Олқылықты жіпке тізген белсенділер бекет басшыларына бар былықты жайып салды.  

«Мысалға, автобустар қалай келеді? Ол жерде бір өрт сөндіру, болмаса сондай нәрселер бар ма, жоқ па? Қауіпсіздік үшін. Я болмаса эвакуация жағынан. Құдай сақтасын енді. Бір қауіпті жағдай болса, халық қай жаққа кетеді? Не істейді? Өзімде білмеймін. Қауіпті жағдай болғанда қай жаққа жүгіремін? Не істейтінімді?», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

«Саяхат» және «Сайран» автобекетінде халықаралық емес, қарапайым адам өмірі үшін тиісті талаптарға да сай келмейтін жағдайлар анықталды. Тазалық жоқ. Ал бұрынғы «Саяхаттың» орнынын жайма базар жайлап алған. Такси қызметі де бизнестерін емін-еркін жүргізіп жатыр. Енді біз оларға бірқатар ұсыныстар дайындадық. Оны мемлекеттік органдармен бірлесіп, орындайтын боламыз», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Қоғамдық кеңестің мүшелері 35 жылдық тарихы бар «Сайран» автобустардың тоғысатын емес, жеке бастың бизнесін дөңгелетін жер деп айыптады. Оның иесі жалға бергеннен түсетін қаражаттан нысанды жөндеуден өткізуге бір тиын бөлмейді деп сынға алды.

«Өрт қауіпсіздігі жүйесі болғанда, бізде негізі сигнализация бар, өртке қарсы істейтін. Ол істеген нәрсе. Жақында, 2 жыл болған жоқ. Жаңадан бәрін құрастырғанымызға. Бірақ не себепті екенін сигнализация істемей тұр. 2008 жылдан бері 2018 жылға дейін, 10 жылдың ішінде 217 млн теңге салыппыз. Жылына енді 20 млн-нан астам», - деді «Сайран» халықаралық бекетінің тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.

Ал бұрынғы нысаны бұзылған «Саяхат» автобекетінің маңы жабайы сауданың қыз-қыз қайнаған орнына айналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай  жасалмаған, дәретханаларда тазалық жоқ. Маңайда самса, кәуап сататындар газ баллонымен емін-еркін көшенің қақ ортасында ас пісіреді. Қоғамдық кеңес мүшелері осылай деп, ашуға булықты. Бірақ жиынға келген автобекеттің директоры өзіне шаң жуытпады.

«Қазір 13 тасымалдаушыдан 10-ы қалды. Бағытқа шамамен тәулігіне 200 автобус шығады. Бізге «Жетісу» базарына көшеміз дегендіктен құрылыс тоқтап тұр. Рұқсат берілсе, ары қарай жұмысты жалғастыру ойда бар. Базар бізге қарамайды. Мен жалға алушы ретінде тек бекетке жауап беремін», - деді  «Саяхат» автовокзалының директоры Ахмет АЛЕРОЕВ.

Екі сағатқа созылған жиыннан кейін, қоғам белсенділері сұрықсыз автобекеттердің мәселесін мінбердегілерге жеткіземіз деп тарқасты. Олар олқылықтың орнын жуық арада толтыруға ат салыспақ.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир