Соңғы төрт жылда пиротехникалық заттардан Алматыда 319 адам жарақат алған. Әртүрлі дене жарақаттарын алғандардың арасында 102 бала жапа шеккен. Пиротехникалық заттардың сатылымға шығып, олардан келетін зиянына қауіптенген қалалық ТЖД өкілдері халықты аса сақ болуға шақырып отыр. Сатылып жатқан пиротехникалардың басым бөлігі контрабандалық жолмен жеткізілген. Әрі көбі талапқа сай сақталып, арнайы орындарда сатылмайды. Бірақ соған қарамастан оны тәркілеп, тоқтатуға құзырлы органдардың қауқары жетпей отыр. Былтыр жүздеген тонна жарылғыш заттардың сатылымға шыққанына қарамастан құқық қорғау органдарының өкілдері небәрі үш Газел көлігіне тиелген пиротехникаларды ғана тәркілеген екен.
«Алматы тұрғындары мен қала қонақтарынан жарылғыш заттарды тек арнайы рұқсаты бар дүкендерден сатып алуын және сақ болуын ескертеміз. Биыл осы уақытқа дейін Алматыда 57 адам пиротехникалардың кесірінен жарақат алса, олардың 21 бала. Ал өткен жылы 37 адам осы жарылғыш заттардың кесірінен зардап шеккен еді»,- деді Алматы қаласы ТЖД өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекшісі, Мұрат Бекбаев.